Мәжіліс мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтатын заңды мақұлдады

13 Желтоқсан 2023, 11:02
443
Бөлісу:
Мәжіліс мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтатын заңды мақұлдады
Фото: Арман Мухатов -архив

Мәжіліс трансферттік бағаға қатысты заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Құжат Президенттің трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңға тиісті түзетулердің жобасы әзірленді.

Жамаубаев қандай өзгерістер енгізілгелі отырғанын айтып берді.

Нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мысалға, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай, халықаралық мәмілелердің сипатын ескеріп, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Бұл шешім салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, - деп айтты ол.

Сонымен қатар нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізу қарастырылып отыр. Қазір баға диапазоны мен рентабельділік, нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Ол нақты бағаларға сәйкес келмеуі мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылады.

Оған қоса, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындау кеңейтіледі. Кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады. Олар өзара байланысты тараптар болып саналмайды да экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдер деңгейі төмен болады, - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Айтуынша, шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылады.

Сонымен қатар тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылау жүргізіледі.

Қазіргі уақытта трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша жүзеге асырылмайды. Әдетте ондай мәмілелер нарықтық бағадан төмен бағамен жасалады. Бұл елден капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру көзделіп отыр. Қазіргі таңда ірі мәмілелер бойынша жергілікті есептілікті ұсыну міндеті халықаралық топқа қатысушыларға жүктелген. Заң жобасында жергілікті есептілікті ұсыну міндеті өзара байланысты бейрезидент-тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеу ұсынылады. Бұл мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп айтты Үкімет мүшесі Жамаубаев.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасына енгізілетін өзгертулер халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын дауысқа салып, құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы