Еңбек министрі қай өңірлер жұмыспен қамту шараларын толығымен орындағанын айтты

26 Қазан 2021, 09:35
22170
Бөлісу:
Еңбек министрі қай өңірлер жұмыспен қамту шараларын толығымен орындағанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халықты жұмыспен қамту шаралары туралы баяндап берді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы жылдың 9 айында 377 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 70%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 65 мың адам оқудан өтті. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 29 мың адам микрокредиттер мен қайтарымсыз гранттарға ие болды. Оның 25 мыңнан астамы алғаш рет өз кәсіптерін ашты. Сонымен қатар қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрды, - деп түсіндірді министр. 

Ол баяндағандай, 5 500 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Жұмысқа қабілетті жастағы қоныс аударғандардың 78%-ы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысушылардың 39%-ы жастар. 50%-ы әйел азаматтар және осы бағдарламаға қатысушылардың негізгі үлесін (53%) ауыл тұрғындары құрап отыр.

Бүгінде Еңбек бағдарламасы 83%-ға орындалып отыр. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық көрсеткіш толығымен орындалды. Қалған өңірдегі әкімдіктер осы бағыттағы жұмыстарын күшейтуі керек, - деді Серік Шәпкенов Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы