Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өседі, бірақ бәрінің айлығы бірдей көтерілмейді – экономист түсіндірді

30 Қазан 2026, 13:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 30 Қазан 2026, 13:30
30 Қазан 2026, 13:30
132
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Президенттің айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 миллион азаматтың, оның ішінде бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ең төменгі жалақының 25 мың теңгеге өсуі табысы төмен азаматтар үшін маңызды қолдау болмақ. Алайда бұл шешім барлық қызметкердің жалақысы бірдей мөлшерде өседі дегенді білдірмейді. Оның үстіне, жаңа мөлшерлеменің жұмыс берушілерге түсіретін салмағы, инфляцияға ықпалы және әлеуметтік төлемдерге әсері де назар аударуды қажет етеді.

Президент тапсырмасынан кейін Үкімет ең төменгі жалақыны көтеруге қатысты жұмысты қолға алды. 29 қазанда өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-министр әлеуметтік реформаларды азаматтардың нақты жағдайын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын енгізу кезінде отбасылардың әл-ауқатын жан-жақты бағалау маңызды.

Осыған байланысты Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін цифрлық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз ету міндеттелді. Мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен, алдымен пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ пилоттық жобаны іске қосуға және отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді жедел қабылдау тапсырылды. Ал әкімдіктерге әлеуметтік саясаттағы жаңа тәсілдерді түсіндіру жұмыстарын жалғастыру жүктелді.

BAQ.KZ тілшісі экономист Бауыржан Ысқақпен ең төменгі жалақыны көтерудің ықтимал салдарын талқылады.

Ең алдымен кімдердің табысы өседі?

Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл – қазіргі 85 мың теңгемен салыстырғанда 25 мың теңгеге немесе шамамен 29,4 пайызға өсім.

Президенттің мәліметінше, өзгеріс 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді.

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі ең алдымен еңбекақысы қазіргі белгіленген мөлшерге жақын азаматтарға тікелей ықпал етеді.

Ең алдымен, бұл өзгеріс табысы төмен, еңбекақысы қазіргі ең төменгі жалақы мөлшеріне жақын қызметкерлерге тікелей әсер етеді. Яғни ай сайынғы жалақысы 85 мың теңге болатын азаматтардың табысы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл – айына 25 мың теңге, жылына 300 мың теңге номиналды өсім.

Мысалы, қызметкердің толық жұмыс уақыты үшін есептелген жалақысы 90 мың теңге болса, ең төменгі жалақының жаңа мөлшері енгізілгеннен кейін оның еңбекақысы 110 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Алайда бұл өзгеріс барлық ресми жұмыс істейтін азаматтың айлығы автоматты түрде 29,4 пайызға өседі дегенді білдірмейді. Нақты әсер еңбек шартына және жұмыс беруші қолданатын еңбекақы төлеу жүйесіне байланысты, – дейді экономист.

Оның пікірінше, бастаманың басты мақсаты – табысы төмен азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау. Қосымша қаражат халықтың азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге және балалардың қажеттіліктеріне жұмсайтын шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.

Жұмыс берушілерге қосымша салмақ түсе ме?

Ең төменгі жалақының өсуі тек жұмыскерлердің табысына ғана емес, жұмыс берушілердің шығынына да әсер етеді. Әсіресе еңбекақы қорының едәуір бөлігі төмен жалақы алатын қызметкерлерге тиесілі кәсіпорындар үшін бұл өзгеріс қосымша қаржылық міндеттеме жүктейді.

Экономистің айтуынша, жұмыс берушілердің шығыны артатыны анық. Дегенмен бұл үдерісті тек бизнеске түсетін ауыртпалық ретінде бағалау дұрыс емес. Жалақының өсуі экономикалық белсенділікке де ықпал етуі мүмкін.

Бюджетке түсетін нақты шығынды есептеу үшін ең төменгі жалақы мөлшері өзгеретін қызметкерлердің санын, бюджет саласындағы еңбекақы төлеу жүйесін және салық түсімдерін ескеру қажет. Сондықтан жалпы қосымша шығын көлемін нақты есептеулерсіз айту дұрыс емес. Бұл жерде мемлекеттің қолдау саясаты маңызды.

Шағын және орта бизнеске жеңілдетілген салықтық тетіктер ұсыну, салықтық ынталандыру шараларын қолдану, еңбек өнімділігін арттыратын технологияларды енгізуге жағдай жасау маңызды. Кәсіпкерлердің жаңа талаптарға бейімделуіне мүмкіндік берілуі керек.

Жалақыны көтеру мен бизнесті қолдау қатар жүргізілсе, бұл шаралардың әлеуметтік және экономикалық нәтижесі күшейе түседі, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Осы тұрғыдан алғанда, ең төменгі жалақыны көтеру шарасын жүзеге асыру кезінде қызметкерлердің табысын арттырумен қатар, жұмыс берушілердің жаңа талаптарға бейімделу мүмкіндігін де ескеру қажет.

Жалақының өсуі инфляцияны үдете ме?

Ең төменгі жалақының 29,4 пайызға өсуі бағаға қысым түсіруі мүмкін бе? Бұл – қоғамды алаңдататын негізгі сұрақтардың бірі. Себебі кәсіпорындардың еңбек ақысына жұмсайтын шығыны артқан жағдайда, оның бір бөлігі тауарлар мен қызметтердің бағасына әсер етуі ықтимал.

Алайда экономист жалақының өсуі бағаның дәл осындай мөлшерде қымбаттауына әкелмейтінін айтады.

Бұл жерде бір маңызды экономикалық заңдылықты түсіну керек: жалақының 29,4 пайызға өсуі тауарлар мен қызметтердің бағасы да дәл осынша қымбаттайды деген сөз емес. Өйткені тауардың өзіндік құны тек жалақыдан тұрмайды. Оның құрамына шикізат, электр энергиясы, логистика, жалдау ақысы сияқты басқа да шығындар кіреді.

Мәселен, кәсіпорын шығынының 20 пайызы еңбек ақысына жұмсалса, ал еңбекақы қоры толығымен 29,4 пайызға артса және басқа шығындар өзгермесе, жалпы шығын шамамен 5,9 пайызға ұлғаяды. Ал кәсіпорынның бір бөлігіндегі қызметкерлердің ғана жалақысы өссе, әсері бұдан да төмен болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл ретте инфляцияны тежеу, отандық өндірісті дамыту, азық-түлік ұсынысын арттыру және нарықтағы бәсекелестікті күшейту маңызды. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген саясаты бағаға түсетін қысымды төмендетуге көмектесуі мүмкін.

Демек, ең төменгі жалақыны көтерудің инфляцияға ықпалын тек осы көрсеткіштің өсуімен байланыстырып бағалау жеткіліксіз. Кәсіпорындардың жалпы шығыны, өндіріс көлемі, нарықтағы ұсыныс пен бәсекелестік те маңызды рөл атқарады.

Зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер өзгере ме?

Ең төменгі жалақының өсуі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне де белгілі бір деңгейде әсер етеді. Себебі қызметкердің еңбекақысына байланысты есептелетін міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың мөлшері де өзгеруі мүмкін.

Бауыржан Ысқақтың түсіндіруінше, жалақыдан ұсталатын 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы еңбекақы көлеміне қарай есептеледі. Мысалы, 85 мың теңге жалақы алатын қызметкердің зейнетақы жарнасы 8 500 теңге болса, 110 мың теңге жалақы кезінде бұл сома 11 мың теңгеге жетеді. Яғни ай сайынғы зейнетақы жинағына қосымша 2 500 теңге аударылады.

Екіншіден, әлеуметтік аударымдардың есептеу шегі өзгереді. Ең төменгі жалақыға байланысты белгіленетін әлеуметтік төлемдердің ең жоғары мөлшері де өсуі мүмкін. Бұл жұмысынан айырылу, бала күтіміне байланысты әлеуметтік сақтандыру төлемдерін алатын азаматтар үшін маңызды, – дейді экономист.

Сонымен бірге ол барлық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы 29,4 пайызға өседі деген түсінік қалыптаспауы керегін атап өтті. Өйткені мемлекеттік жәрдемақылардың көпшілігі айлық есептік көрсеткішке немесе ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі.

110 мың теңге жеткілікті ме?

Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру – қазіргі деңгеймен салыстырғанда едәуір өсім. Дегенмен бұл соманың азаматтардың негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаншалықты жеткілікті екенін бағалау үшін тек номиналды өсімге сүйенуге болмайды.

Экономист ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу кезінде төрт негізгі көрсеткішті ескеру қажет деп санайды. Олар – инфляция, азаматтардың нақты тұтыну шығындары, медианалық жалақы және еңбек өнімділігі.

110 мың теңгенің жеткіліктілігін бағалау үшін оның қазіргі күнкөріс құнымен арақатынасын қарастыру қажет. Жалақының өсуі азаматтардың негізгі қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, халықтың сатып алу қабілетін де сақтауы керек.

Сонымен бірге ең төменгі жалақыны көтерумен қатар кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек өнімділігін арттыру шаралары жүзеге асырылуы тиіс, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Оның пікірінше, ең төменгі жалақыны көтеру бастамасының әлеуметтік маңызы зор. Алайда оның нәтижесі азаматтардың табысы қағаз жүзінде қаншаға өскенімен ғана емес, сол қаражаттың нақты сатып алу қабілетімен өлшенуі керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енсе, ең төменгі жалақы 25 мың теңгеге өседі.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жодауында Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Президент бұл тапсырма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуы керегін айтты. 

Тағы оқи отырыңыз: Президент Тоқаев: Ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту 

85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін: Депутат ең төменгі жалақыға қатысты пікір білдірді  

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі: Бектенов тапсырма берді 

Наверх