Ең мықты төлқұжаттар рейтингіндегі Қазақстанның орны анықталды

26 Ақпан 2024, 21:53
653
Бөлісу:
Ең мықты төлқұжаттар рейтингіндегі Қазақстанның орны анықталды
Фото: Мәди Искаков - архив

Passport Index рейтингінде Қазақстанның төлқұжаты 54-орынға табан тіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Finprom.kz сайтының мәліметінше, рейтингті қалыптастыру барысында қанша елге визасыз баруға болатыны немесе келген кезде рәсімдеуге болатыны ескерілді. Сондай-ақ интернет арқылы алу мүмкіндігі де қарастырылды. Жалпы рейтингке 199 төлқұжат енгізілді. Олардың ішінде Ватикан, Тайвань, Макао, Гонконг, Косово және Палестинаның төлқұжаттары да сараланды.

2024 жылы БАӘ-нің төлқұжаты ең мықты деп танылды. Аталмыш құжатты алған азамат 179 елге қол жеткізе алады. Екінші орынға Еуропаның бес елі тұрақтады. Олар 177 елге бара алады. Ал үшінші орында Еуропаның тағы бес елі орналасты. Олар өз азаматтарына 176 елге баруға мүмкіндік береді. Ең әлсіз төлқұжаттар рейтингін Сирия, Ауғанстан және Ирак бастады. Бұл елдердің азаматтары 40-қа жетер-жетпес елге бара алады.

Қазақстандық төлқұжат 2023 жылы 56-орыннан 2024 жылы 54-орынға көтерілді. Дегенмен визасыз баруға болатын елдер саны 91-ден 90-ға дейін қысқарды. Косово мен Наурудың да төлқұжаты дәл осындай. Жалпы әлем бойынша орташа мәні - 111 ел болса, медианалық мәні бойынша - 100 ел.

Бір қызығы Қазақстан әлемнің 82 елімен визасыз режим орнатқан. Соның арқасында Қытай мен Үндістаннан келетін туристер саны күрт өсті. Осылайша Қытайдан келетіндер саны 12 есе, Үндістаннан келетіндер саны 3 есе көбейді.

Ресейдің рейтингтегі орны едәуір жоғарылап, 37-орыннан көрінді. Ал Қытай 51-орында тұр. Өзбекстан, Қырғызстан, Гамбия, Уганда және Үндістан сияқты елдер 67-орында болса, ал Түркіменстан және Мали тәрізді елдер 77-орынды бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы