Емханада жатқан кезде болашақ жарыммен таныстым – жауынгер Сырым Сүндетов

10 Маусым 2021, 14:20
4596
Бөлісу:
Емханада жатқан кезде болашақ жарыммен таныстым – жауынгер Сырым Сүндетов
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында радикалды ислам ағымын ұстанатын қарулы топ шаһардың бірқатар нысанына, соның ішінде Ұлттық Ұланға қарасты 6655 әскери бөліміне қарулы шабуыл жасаған болатын. Мерзімді әскери қызметте болған сарбаз Сырым Сүндетов қаруластарымен бірге қанды қол лаңкестердің жолына алғашқы болып тосқауыл қойды. Шабуыл барысында Сырым ауыр жарақат алады. Сегіз жерден пышақталып, жұлынына зақым келеді. Солай бола тұра, ұландық жауынгер жауға берілген жоқ. Өлім алдында тұрса да, лаңкестерге қарсы лайықты тойтарыс берген.

Ерлігі мен батылдығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қатардағы жауынгер Сырым Сүндетов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып, ұзақ жылдар бойы ем алғаннан кейін қызметін Ұлттық Ұлан қатарында жалғастыруға бел буады. Арада бес жыл өткеннен соң біз сын сағатта сынақтан мүдірмей өткен жауынгермен сұхбат құрған болатынбыз.

- Барлық сұхбатыңыздан Ақтөбедегі оқиға туралы айту өзіңіз үшін оңай емес екенін білеміз. Сонда да сол күн туралы қысқаша айтып өтсеңіз...

- Ол күн қорқынышты түс секілді өтті. Дәл сол күні жексенбі еді. Барлық күн тәртібіміз демалыс күнінің жоспары бойынша өтіп жатты. Бір мезетте әскери бөлімге жиырма шақты қарулы топ баса-көктеп кіріп келді. Көздеріне көрінгенді ата бастады. Жарғыға сай біз қарулы қарсылық көрсеттік. Қарулас досым Досбол Сапар қаза тапты. Атыс барысында жаудың оғы аяғыма тиіп, мен де жараландым. Бұған қарамастан қарсыласқа оқ жаудырып, бір қылмыскерді мен де жараладым. Ойдағы бар мақсат – қарсыластың шабуылына тойтарыс беру. Осы сәтте кенеттен бір лаңкес тұтқиылдан келіп, басыма автоматын тиеп, қару-жарақ жатқан қойманың қайда екенін сұрайды. Мен айтпай қойдым. Сонда біреу пышақпен мойнымды бауыздағысы келді. Мен қолыммен мойнымды жауып алдым. Арқам жақтағы ашық жерден пышақпен ұра бастады. Бір жерден бірнеше рет пыштақтай берген соң, қатты жарақатталдым. Есімнен танып қалыппын. Есімді жиып, көзімді ашсам, ауруханада екенмін. Ауруханада емделіп жатқанымда палатаға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов кіріп келіп: «Берік бол! Біз өз жауынгерлерімізді қиын жағдайда қалдырмаймыз» деген еді. Оның командирлік қамқорлығының арқасында мені алғашқыда әскери ұшақпен елордаға жеткізіп, күрделі ота жасатқызды. Осылайша өмір сүруге тағы бір мүмкіндік алдым. Кейін Бас қолбасшы өз қолымен Елбасының марапатын тапсырды. Бүгінде Отанға қызмет атқарудамын. Лейтенант алғанда маған сол кездегі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары марқұм генерал-майор Мұхаметқали Сатов қоңырау шалып, құттықтады. Маған үлгілі офицер болуыма тілек білдіріп, сол қанды оқиғада қаза тапқандар үшін, әсіресе құрдасым Досбол Сапар мен қаруласым сержант Берікжан Қалиев үшін өмір сүріп, міндетімді мінсіз атқару керек екенімді айтты. Осы сөздер жадыма сақталып қалды десем болады. Мен де өз тарапымнан лайықты офицер болатыныма, Отаным – тәуелсіз Қазақстанға абыройлы қызмет атқаратыныма барлығын сендіргім келеді.

- Сырым, өзіңіздің өскен ортаңыз, сарбаз кезіңіздегі қызметіңіз туралы тарқатып айтсаңыз.

- 1994 жылдың 13 сәуірінде Шымкент қаласында өмірге келдім. Кішкентай кезімнен оқу-білімге құштар болып есейдім. Орта білімді Ақтөбе өңірінің Мұғалжар ауданында алып, кейін отбасым 2011 жылы Шымкент қаласына көшуді ұйғарады. Осы жерде болашақ кәсібімді таңдап, М. Әуезов атындағы технология университетіне қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түстім. Араға төрт жыл салып, киелі білім ордасын аяқтаған соң мамандығыма сай қызмет жасағым келді. Бірақ ең алдымен Отан алдындағы борышымды өтеуді парыз санап, бір жылдық әскери міндетті атқару үшін Ұлттық ұланның Ақтөбе қаласындағы әскери бөліміне аттандым. Алғашқы күндерден-ақ жас жауынгер курсына етене араласып, әскери саланың қыр-сырын емін-еркін меңгеріп, тез арада сауатымды кеңейтуге тырыстым. Сөйтіп, қызметтің дәмін татып, жедел мақсаттағы 3 рота құрамында өзіме жүктелген міндеттерді орындап, қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене қатыстым. Ішкі қарауыл қызметіне де жиі түсіп, тіпті, әскери бөлімнің құрмет қарауыл ротасы сапына да ілініп, облыс орталығы мен гарнизондағы әскери рәсімдерді өткізуге білек сыбана атсалыстым. Сарбаз кезімдегі қызметім осылайша өрбіді.

- Сырым, осыдан екі жыл бұрын сізге Қазақстан Республиксы Ішкі істер министрінің бұйрығымен алғашқы «лейтенант» әскери атағы берілді. Бұл қуанышты хабарды қалай және қай жерде қарсы алдыңыз?

- Мен жыл сайынғы денсаулығымды тексеруден өткізетін ІІМ әскери госпиталінде қарсы алдым. Маған емханаға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Александр Крамар арнайы келіп, офицерлік погонды тапсырды. Лейтенант шенін алғаныма қатты қуандым. Ішкі істер министрлігі және Ұлттық ұлан басшылығына алғысымды білдірдім. Лезде анама қоңырау шалып, қуанышты хабарды жеткіздім. Анам да қатты қуанды. «Ұлттық ұлан – жауынгерлік жанұя» дейтін ұранымыз бар. Мен осы жанұяның мүшесі болғанымды мақтан тұтамын.

- Иә, дұрыс айтасыз. Өмір өз ағымымен жалғасуда. Бүгінгі қызметіңіз жайында айтып өтсеңіз?

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде Ұлттық ұланды ерлік пен патриотизм мектебі деп атап өтті. Шыны керек, осы жылдар аралығында оған анық көз жеткіздім. Қазіргі уақытта Шымкенттегі Ұлттық ұланның әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінде қызмет атқарамын. Сарбаздарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, тәрбиеге қатысты түрлі шаралар ұйымдастырамын. Шымкентте жауынгерлік досым, Ұлттық ұланның батыр ұлы Ербол Отарбаев қызмет атқарады. Оның ерлігі барша елге аян. Ақтаудағы түзеу мекемесінен қашпақ болған сотталғандарға тосқауыл қойған Ербол ерлігі негізінде «Алтыншы бекет» көркем фильмі түсірілді. Нағыз батыр деп осы Ербол ағамды айтамын.

Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің негізгі қасиеттерінің бірі – адалдық, батылдық, қарағылық және қарапайымдылық болғаны жөн. Осы тұрғыдан қызметімді жалғастырып келеміз.

- Қызметіңіз үшін қуаныштымыз. Ал өзіңіздің жеке өміріңіз қалай өрбіді?

- Бұл оқиға тағдыркешті болды десем болады. Себебі мен Ақтөбе оқиғасынан кейін жаралы болып, емханада жатқан кезде болашақ жарым Әйгеріммен таныстым. Ол ІІМ емханасында мейірбике болып жұмыс істеді. Оның көзінен бірінші кезекте мейірімді байқадым. Ол менен ержүректілік қасиетті көрген болуы керек. Бір-бірімізді бірден ұнатып қалдық. Танысқаннан кейін, бірден тіл табыстық. Араға уақыт салып, отбасын құрдық. Жуырда тұңғышымыз Разах дүниеге келді. «Отан – отбасынан басталады», «Отан – барлығынан қымбат» дейміз. Болашақта да әскери қызметімді әрі қарай қалтқысыз жалғастыруды ойлаймын.

- Сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет. Қызметіңізге сәттілік тілейміз!
Өзгелердің жаңалығы