Елтаңбадағы нышандар нені білдіреді?

4 Маусым 2022, 11:07
17213
Бөлісу:
Елтаңбадағы нышандар нені білдіреді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 30 жыл бұрын 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданды. Олар тәуелсіз әрі дербес Қазақстанның белгісіне айналды. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихы мен бүгінін, құндылығы мен арман-мақсатын, батырлығы мен даналығын, өзге елдермен байланыс орнату идеясын білдіретін символдар. 

Демек олардың мән-мағынасына үңіліп, қастерлеу әр қазақстандыққа сіңірілуі керек қасиеттердің бірі болуы тиіс. Сондықтан осы материалда елтаңбадағы нышандар нені білдіретініне тоқталғымыз келеді. 

Жалпы таңба ұғымы Ұлы даланы мекендеген ата-бабамыз үшін қастерлі ұғым болған. Оған Таңбалы тастан табылған әртүрлі таңбалар жиынтығы мысал бола алады. Тарихтан қазақтың әрбір руының да өз болмысына тән таңбасы болғаны, таңба сөзі термин ретінде Түрік қағанаты кезінен қолданыла бастағаны белгілі. Ал қазіргі, тәуелсіз Қазақстанның таңбасы болған елтаңбада бейнеленген дүниелер нені білдіреді?

Шаңырақ пен уық. Шаңырақтың елтаңбаның ортасында бейнеленгені бекер емес. Өйткені ол елтаңбаның жүрегі саналады. Сонымен қатар қазақта шаңырақ сөзі отбасы ұғымымен байланысты болғандықтан, мемлекеттің басты құндылығының да отбасы институты екенін білдіріп тұр. 

Күн шаңырақ болса, одан төгіліп тұрған сәулелерге ұқсайтын уықтар көшпелі түріктер үшін ортақ киіз үй күмбезін құрап тұр. Яғни түбіміз түркі екенін сипаттайды. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлттың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруінің белгісі.  

Қанатты тұлпар. Бұл – уақыт пен кеңістікті байланыстыратын бейне. Жылдамдықтың, батылдықтың, жеңіске, еркіндікке деген ұмтылыстың символы. Қанатты тұлпарға қатысты аңыздар бар да бар әрі қанатты тұлпар бейнесі қазақ поэзиясында жиі ұшырасады. арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады. Оған қоса арғымақтың қанаттары масақты еске түсіреді. Бұл еліміздің материалдық игілігімен қатар еңбексүйгіштігін білдіреді. 

Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады.

Жұлдыз. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде тәж секілді бес бұрышты жұлдыз орналасқан. Бұл ежелден пайдаланылатын мәңгілік құндылықтарға ұмтылысты білдіретін символ. Оның елтаңбада қолданылуы ел тұрғындарының бес құрлықтың өкілдеріне құшағы ашық екенін және әлем халықтарымен серіктестікке ниетті екенін білдіреді.  

Елтаңбада қолданылған алтын мен көгілдір аспан түсінің де өзіндік мәні бар. Алтын түсі байлық, әділдік, кеңпейілділікті білдірсе, ашық аспан түсі тыныштық пен бейбітшіліктің көрінісі.

Еске сала кетейік, егеменді еліміздің елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.      

Өзгелердің жаңалығы