Елорданың кәріз жүйесі қандай күйде?

13 Желтоқсан 2023, 17:30
2130
Бөлісу:
Елорданың кәріз жүйесі қандай күйде?

Қазіргі күні көп жүйе күрделі жөндеуді және жаңартуды қажет етеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің "Еlorda Еko system" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекет кәсіпорын басшысы Нұрлан Купешов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Елордада күзде жауын, қыста қар көп жауады. Қала көшелерін барынша қауіпсіз ету үшін жұмыс жасайсыздар. Сіздер "Қазгидрометпен" бірлесіп жұмыс атқарасыздар ма?

Мекеме қызметінің басты қағидатының бірі – кез келген мәселелердің пайда болу жағдайларының алдын-алу және оларды уақытылы шешу.

Жұмысымыздың барысы тікелей ауа-райына байланысты болғандықтан біз "Қазгидромет" РММ тығыз жұмыс жасаймыз. Тұрақты негізде, бұл мекеме ауа-райы болжамы туралы ақпарат беріп тұрады. Берілген ақпарат жұмысымызға өте пайдалы, оның арқасында біз нақты жоспарлар құрып, уақытты үнемдей аламыз. Мысалы ертең қатты нөсер жауын немесе қар жауатынын білсек, күшейтілген жұмыс режиміне көшеміз, техникамызды дайындаймыз. Өйткені дер кезінде қамданбасақ, зардабы жерігілікті тұрғындарға тиетінін жақсы білеміз.

Елордадағы кәріздік жүйе туралы айтсаңыз? Оны жаңарту, жөндеу жұмыстары қаншалықты жиі өткізіледі?

2019 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының бұйрығымен елордамызда нөсерлі кәріз жүйелерін пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету бойынша мамандандырылған кәсіпорынның жоқтығын ескере отырып, қала әкімдігіне коллекторлар мен нөсерлі кәріз құрылыстары бойынша бірыңғай жедел ұйым құру тапсырмасы берілді.

Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен бірыңғай операциялық ұйым - "Elorda Eco System" мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Кәсіпорын қызметінің басты міндеті - Астана қаласы мен қала маңындағы елді мекендердің су бұру қызметтерін көрсету бойынша тіршілігін қамтамасыз ету нөсерлі кәріз желілерін пайдалану және оларға қызмет көрсету.

Кәсіпорын қызметінің мақсаты - нөсер ағындарын, дренаждық және жер асты суларын бұру бойынша қызметтер көрсету саласындағы шаруашылық қызмет (нөсер және дренаждық кәріздерді, сорғы станцияларын, тазарту құрылыстарын пайдалану және оларға қызмет көрсету (қала инфрақұрылымын тіршілікпен қамтамасыз ету)).

Біздің қызметіміз тікелей қала әкімі Қасымбек Жеңіс Махмұдұлының және мекемізге жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Өтебаев Ерсін Кенжебайұлының бақылауында.

Елордамыздың кәріз жүйесінің 50%-дан астамы тозған, ескі күйде, ол сонау Кеңес үкіметі кезінде салынған. Қаланың соңғы жылдары өсу қарқыны жылдам болғандықтан, бүгінде көп жүйе күрделі жөндеуді және жаңартуды қажет етеді.

Кәріз жүйесін жаңарту, жаңа кәріз жүйелерін салу, желілерге жөндеу жұмыстарын жасау бойынша сұрақтар мекемеміздің құзыреттілігіне кірмейді, біз тек бар жүйеге қызмет ету және майда жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Желілердің құрылысына тапсырыс беруші "Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі. Қазіргі уақытта, бізде тек желілік кәріз жүйесінің құрылысы жобалауына қатысуға мүмкіндігіміз бар.

Проблемалық учаскелерді әрдайым бақылауда ұстайсыздар ма? Қатты жауын кезінде белгілі бір учаскелер суға батып жатады. Мысалы Бауыржан Момышұлы көшесін айтуға болады. Оның алдын-алуға қандай жұмыс атқарасыздар?

Әрине, қаламыздың проблемалық учаскілерін үнемі бақылауда ұстаймыз. Әсіресе, жаңбыр жауған кезде су басу қаупі бар аймақтар бірінші кезекте назарға ілігеді.

Қаламыздың Бауыржан Момышұлы даңғылы сондай аймаққа жатады. Бұл аймақтағы басты мәселелерінің бірі орналасу нүктесі, яғни аймақтың орналасу нүктесі төмен болғандықтан судың көп мөлшерде жиналуына әкеп соқтырады.

Сондай-ақ, су басу мәселесінің пайда болуы жаңадан салынған үлкен көшелердің (Айнакөл, А. Байтұрсынов көшелері, Р. Қошқарбаев даңғылы) бұл жерде тоғысуына да байланысты. Ал бұл жердің кәріз желілерінің қуаттылығы тек Ақбұлақ ықшамауданына арналғанын да атап өткен жөн.

Аймақтың мәселесін шешу үшін аталған кәріз желілерінің жобалық қуаттылығын арттыру үшін оларды қайта құру (реконструкция) және Айнакөл, Қордай көшелерінде кәріз желілерін салу қажет.

Тамыз айынан бастап бүгінгі таңға дейін қала бойынша бар 72 проблемалық учаскелердің ішінен, қажетті қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде, 13 проблемалық участкелер бұл тізімнен шығарылған.

Оның ішінде, мысалға алатын болсақ әлеуметтік маңызы бар обьект № 61 мектеп-лицей маңы, бұл жерде жауын-шашын кезінде көп мөлшерде су жиналып, тұрғындардың, әсіресе оқушылардың мектепке кіруіне кедергі келтірген. Біз ол жерге қосымша құбырлармен су қабылдағыштарды орнатып, бұл мәселені шешкен болатынбыз.

Сонымен қатар, қала тұрғындары көп шоғырланатып аймақтар: Астаналық базар, Думан ойын-сауық орталықтарына көлік кіреберістерін де үнемі су басып тұратын. Есіл ауданы Ақмешіт көшесінде жаяу жүргіншілер өткелін де, Сарыарка ауданында Сарыарқа даңғылыңда автобус аялдамасын де су басу мәселелері болған. Ол жерлерге де қосымша су қабылдағыштармен құдықтарды орнаттық. 

Жыл басынан жалпы қалалық нөсер кәріз жүйесінің – 114 025 пагон метрі, арық-науалық жүйелерінің - 99 277 п.м, 7 142 дана бақылау құдығымен торлар тазаланды, қыс уақытында 8 190 п.м құбырлар буландырылған, 80 мың м3 су сорылып, 1 250 тонна қоқыс пен лай шығарылды.

Қаланың барлық кәріз жүйесі орталық кәріз жүйесіне қосылған ба? Әлде әр үйдің өз жүйесі бар ма?

Қаланың бас жоспары барлық тұрғын үйлерді орталық нөсер кәріз желілеріне қосуды көздейді. Бірақ шын мәнінде, салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығын орталық нөсер кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігі бола бермейді. Кейбір жағдайларда, құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысын бастаған кезде кәріз жүйесін салуға аса қатты мән бермейді, бұл мәселемен айналыспайды. Кейбір жағдайларда, жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің қасында орталық кәріз желілерінің ұзындығы жеткіліксіз немесе мүлдем болмайды.

Тұрғын үй кешенінің құрылысын бастаған кезде, нөсерлі кәріз желісінің құрылысын жобалау кезінде біздің мамандарымыздың тікелей қатысуы өте маңызды.

Себебі, біз қала кәріз жүйелерін 100%-ға білеміз, қай жерде сорғу станциялары бар, қай жерде кәріз суын тазарту құралыстары орналасқанын, жалпы желілердің осал жерлерін және қуаттылығын толықтай бағалай аламыз. Құрылыс компаниялары бастапқыдан желілерді салу бойынша, біздің ұсыныстарымызды қабылдайтын болса, болашақта жоғарыда аталғандай мәселелер туындамайды.

Кәріз жүйесі кейде тіпті кіш-кішкентай майлықтан бітеліп қалатын кездер болады, оған кәріз жүйесінің әлсіздігі себеп пе, әлде тұрғындардың білместігі себеп пе?

Майлық лақтырып, кесірінен кәріз жүйесінің бітелуі әлбетте оның әлсіздігін көрсетпейді. Әр заттың өзіндік орны, пайдалану мақсаты болады. Кәріз жүйелері тек жаңбыр суын, көктемде қар еруінен пайда болатын суларға ғана арналған. Кейбір қала тұрғындары желілерге қоқыс, тұрмыстық қалдықтар, жуынды төгеді. Әрине бұлардың барлығы кәріз желілерінің қалыпты жұмысына кедергі келтіреді, кәріз жүйесі бітеледі, жағымсыз иіс пайда болады. Бұл жерде тек кәріз жүйесі ғана емес, қоршаған орта да зардап шегеді. Сондықтан қаланың әр тұрғыны жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Тек бір ғана тұрғын үй кәрізі емес, жинала берсе кәріз жүйесі мүлдем толып қалатынын тұрғындар түсіну керек.

Жалпы кәріз жүйесінің жұмысына кері әсер болмауы үшін қала тұрғындары нені білгені дұрыс?

Жалпы айтқанда, тек кәріз жүйесі мәселесі емес, соның ішінде қалдықтарды сұрыптауды, оларды белгіленген жерге төгуді әр адам, әр отбасы қолға алатын болса, бүкіл қоғам сіз бен біз бұдан тек пайда көреміз.

Сондықтан біз қала тұрғындарынан бұл мәселеге салғырттық танытпай, өздері тұрып жатқан қаланың көркеюіне ат салысып, болашаққа деген жауапкершілікпен қарауларын сұраймыз! Ал жауапкершілік әр адамның жеке қимыл-әрекеті, істеген ісі, айтқан сөзінен басталады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы