Елордаға келер жылы 100 автобус сатып алынады

21 Желтоқсан 2022, 18:05
785
Бөлісу:
Елордаға келер жылы 100 автобус сатып алынады

Астанада қоғамдық көлік мәселелерін жақсарту бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов айтты, деп хабарлады BAQ.KZ.

Бүгінде елорда тұрғындарының тең жартысы қоғамдық көлікті пайдаланса, жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлеу тәсіліне жүз пайыз көшті.

Елорда автопаркін жаңарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде, 2014 жылдан бастап 853 заманауи автобус сатып алынды. Қоршаған ортаның ластануын азайту мақсатында 2019 жылы 100 электробус сатып алынды. Елорда халқының қарқынды өсуіне байланысты жылжымалы құрамның тапшылығы, маршрутты күту аралығының ұлғаюы, көлік кептелісінің жоғары деңгейі, әсіресе қарбалас уақытта проблемалар байқалатыны жасырын емес. Осындай мәселелерді шешу үшін көлік кешенін тұрақты жаңғырту жүргізілуде. Биыл 3 жаңа бағыт іске қосылды (№43, 121, 327 маршруттар). Қолданыстағы маршруттар қозғалысының 27 схемасына оңтайландыру жүргізілді, 16 бірлік маршрутқа кестелер саны ұлғайтылды, - деді Н.Нұркенов.

Қоғамдық көліктің жүру уақытын қысқарту мақсатында 2 Bus Lane учаскесі (ұзындығы 4,3 км) енгізілді, 15 жаңа аялдама пункттері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жеке автобус парктеріне 35 жаңа автобус сатып алынды.

2023 жылы автобус парктерін 100 бірлікке жаңарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда 300-ден астам автобусты жаңарту және толықтыру бойынша 3 әлеуетті инвестормен белсенді жұмыс жүргізілуде, - деді әкім орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы