Елордада Ұлттық ұланның 700-ден аса сарбазы ант қабылдады

30 Қаңтар 2021, 15:46
3134
Бөлісу:
Елордада Ұлттық ұланның 700-ден аса сарбазы ант қабылдады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 30 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің 750-ге жуық жауынгері Әскери ант қабылдады, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Елордалық жедел құраманың қатарын толықтырған ұландар өткен жылдың соңында Отан алдындағы борыштарын өтеу үшін еліміздің барлық өңірінен жасақталған болатын. 

Елордада Ұлттық ұланның 700-ден аса сарбазы ант қабылдады

Сақтықта қорлық жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар күшейіп жатқанымен, тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету – алдыңғы қатардағы міндеттердің бірі екені сөзсіз. Ал Әскери ант қабылдау рәсімі – әскер өмірінің бұлжытпай орындалатын заңдылығы. Сондықтан бұл шарадан тегіс бас тарту, әлбетте мүмкін емес. Сондықтан саптық алаңда сап түзеген сарбаздар үшін санитарлық талаптар сақтала отырып, салтанатты серт беру рәсімі өткізілді. 

Әдеттегідей рәсімге жас жауынгерлердің ата-аналары мен туыстары қатысқан жоқ. Олар үшін арнайы Ұлттық ұланның әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан тікелей эфир ұйымдастырылды. Бір емес, бірнеше эфир жасалып, әр взвод үшін бөлек-бөлек тікелей көрсетілім өткізілді.

Сап түзеген сарбаздар сымдай тізілген соң алаңға Жауынгерлік Ту енгізіліп, әскери бөлім командиріне жеке құрамның Әскери ант қабылдауға дайын екендігі баяндалды. Полковник Нұрлан Мұхамедов жауынгерлерге жігерлі сөзін арнады.

Елордада Ұлттық ұланның 700-ден аса сарбазы ант қабылдады

Әскери ант қабылдау салтанаты – әрбір әскери бөлім үшін ерекше оқиға болып есептеледі. Өйткені дәл осы күннен бастап жеке құрам қатарын толықтырған жас сарбаздар ресми түрде Отан қорғаушы атанады. Әскери ант – ел азаматтарының конституциялық құқығы ғана емес, өз елі мен жерін қорғауға қабілеттілігін білдіретін маңызды рәсім. Жауынгерлеріміз ант қабылдай отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің қорғаны болуға серт береді. Ендеше осы сертке адал болып, өздеріңізге жүктелетін жауынгерлік міндетті абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін!, – деді құттықтау сөзінде құрама командирі.

Бұдан соң қаз-қатар тізілген 700-ден аса сарбаз саптық алаңда салтанатты маршпен жүріп өтті.

Елордада Ұлттық ұланның 700-ден аса сарбазы ант қабылдады

Айта кетейік, ант қабылдаған жас жауынгерлер екі аптадан кейін ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, қала тыныштығын сақтауға, бас шаһардың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындар мен азаматтардың құқықтарын қорғауға жұмылдырылады. 

Осылайша құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлік жолын жалғастыратын болады.

Өзгелердің жаңалығы