Елордада демалыс күндері кәмелеттік жасқа толмаған бала суға батып кетті

5 Шілде 2022, 22:36
1385
Бөлісу:
Елордада демалыс күндері кәмелеттік жасқа толмаған бала суға батып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауа райы жылынып, суға шомылу маусымы басталғаннан бері суға батқан адамдар саны да өсіп келеді. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Оның ішінде, әсіресе, балалардың қатысуымен болған қайғылы жағдайлар қайталанып жатыр. Жаз мезгілінде оқушылардың бәрі демалысқа шығады. Демалыстарын қызықты, әрі есте қаларлықтай өткізу үшін олардың суға шомылатыны белгілі. Алайда, суға шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін балалардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Білсе де дұрыс сақтамайды. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі қауіпсіздік ережелеріне аса қатты мән бере бермейді. Соның салдарынан әр түрлі оқыс жағдайлар жиі кездесіп жатыр.

Демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласының Тұран даңғылы жағынан өзен жағалауында жасөспірім суға кетіп, қаза болды. Кәмелеттік жасқа толмаған баланың өзен жағалауына достарымен шомылып жүріп суға батып кеткені анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр,  - делінген хабарламада.

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп шомылу орындары мен коммуналдық жағажайларды патрульдеудің мобильді топтарын ұйымдастырды. Аталған мобильді топ адамдардың қаза болуының алдын алу мақсатында, су нысандарына тексеріс жүргізеді, азаматтарға суда жүзу ережелерін сақтауды, кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз суға түсуіне жол бермеуді ескертеді. Елорда аумағында барлық патрульдік автокөлік құтқару құралдарымен жабдықталған. 

Полиция департаменті азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Су айдындарында балалардың қаза болуына жол бермеу мақсатында ата-аналарға балаларға судағы жүріс-тұрыс ережелері мен оларды бұзудың салдары туралы түсіндіруді ұсынамыз. Балалардың ересектердің қадағалауынсыз және белгіленбеген орындарда шомылуына үзілді-кесілді тыйым салынады, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы