Елордада 12 елдің жас ғалымдары бас қосты

6 Тамыз 2019, 13:17
1914
Бөлісу:
Елордада 12 елдің жас ғалымдары бас қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Назарбаев орталығында» Жас ғалымдардың III Халықаралық «Byrabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» форумы басталды. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев алғысөзінде биыл ауқымды іс-шараға 12 елдің – Қазақстан, Армения, Белоруссия, Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Францияның жас ғалымдары қатысатынын айтты.
 
«Жыл сайын форум географиясы кеңейіп келеді. Биыл 12 ел өкілдері қатысып отыр. Форумның алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Одан кейін екі күн Бурабайда жалғасады. Жыл сайын өзекті тақырыптар таңдалады. Биылғы форум жастарға арналады. Болашағын ойлайтын барлық ел үшін жастарды, олардың бастамасын қолдау маңызды деп ойлаймын», - деді Исекешев.

Ол жаһандану кезеңінде жастардың рөлі туралы атап өтті. 

«Барлық елде болашақта табыстың басты факторы жастар болып отыр. Қазір өркениет жаңа деңгейге жетіп, технология өндірісті, экономика мен бизнесті, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын өзгертіп жатыр. 18 жастан 30 жасқа дейінгі әлемдегі 300 млн жастың жұмыс орны жоқ. Болашақ мамандықтардың 50% орнын бірнеше жылдан соң жасанды интеллект басады. Бұл біздің алдымызда тұрған маңызды сын-тегеуріндер. Әлемде урбанизация жылдам жүруде және барлығы ірі қалаларға қоныс аударып жатыр. Еңбек нарығының формасы мен механизмі толық өзгеруде. Жастардың сын-тегеуріндерге жауап беруге әлеуеті жоғары»,- деді қордың атқарушы директоры.

Исекешев 2019 жыл Жастар жылы екенін еске салып өтті.
 
«Жастарға қолдау көрсету – қордың басты басымдықтарының бірі. Мысалы, он жылда барлық саладағы 258 жас қазақстандық Тұңғыш Президент қорының лауреаты атанды. Биыл осы бағытта 90 іс-шара өткіздік. Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен, бизнес қоғамдастықтармен бірге таланттарды іріктеп, оларды қолдауға арналған жобалар әзірленіп жатыр. Жас ғалымдар өз еліндегі бағдарламаларда маңызды рөл атқару тиіс. Осы үш күнде пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, 12 елдің жас ғалымдары бірлесе қандай да бір ұсыныс, резолюция әзірлеп шығарады деп үміттенемін», - деп сөзін түйіндеді ол.  

Ақмола облысында жалғасатын шарада ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша секциялық отырыстар және дискуссиялық алаңдар ұйымдастырылады. 

Burabay Forum – жыл сайын әртүрлі елдердің 100 астам жас ғалымдары ғылым, инновация және білім саласындағы өзекті мәселелерін талқылайтын әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған диалог алаңы. Форум аясында отандық және шетелдік ғалымдар өздерінің тәжірибесімен бөліседі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының ауқымды жобасы іске асырылғаннан бастап үш жылда Қазақстанның және жақын шетелдегі оқу орындарының арасындағы іскерлік қарым-қатынас кеңейді. Іс-шараның аясында орныққан жас ғалымдардың әріптестігі бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге ықпал етеді. 

Форумның жұмысы келесі секциялар бойынша өтеді:

«Жаңа функционалдық материалдар және технологиялар»; 
«Қазақстан Еуразияның әлеуметтік-саяси және тарихи-мәдени кеңістігінде»;
«Маркетинг пен логистикадағы Digital-технологиялар; 
«XXI ғасырдағы агроөнеркәсіп кешені: ғылым және инновациялар»; 
«Жүйелік медицина – медицинаның, денсаулық сақтаудың және әлеуметтік қамтамасыз етудің мультипликативтік дамуы».

Ұйымдастырушылар форумның күн тәртібіне отандық ғылымның бірқатар проблемалары мен міндеттерін қоюды ұйғарды. Жыл сайын Burabay Forum дискуссияларында кейбір ғылыми мәселелер бойынша күрделі жағдайдан шығу жолы талқыланады. Биылғы форум қазақстандық қауымдастықтың жас ғалымдарына шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және пікірлерімен бөлісуге, сондай-ақ оларды шешудің озық тәжірибесін қабылдауға мүмкіндік береді.
Өзгелердің жаңалығы