Елорда полициясына төрт аяқты жаңа көмекшілер қосылды

Астана полициясының Кинологиялық қызмет орталығында төрт күшік дүниеге келді. Әзірге олар ойнап жүр, ал алда маңызды сынақ пен арнайы қызмет күтіп тұр.

20 Тамыз 2026, 16:04
АВТОР
 Астана қаласының әкімдігі 20 Тамыз 2026, 16:04
20 Тамыз 2026, 16:04
134
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығына жаңа күшіктер қосылды. Құқық қорғау органдарына қызмет ететін болашақ төрт аяқты көмекшілердің қатарына бірден төрт күшік қосылды.

Астана әкімдігінің мәліметінше, күшіктердің анасы – із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге маманданған Хлоя Дея атты қызметтік бельгиялық овчарка. Бұл – оның алғашқы күшіктері. Ал күшіктердің әкесі – қызмет барысында талай рет полицейлерге есірткі заттарын анықтауға көмектескен Бакс атты қызметтік ит.

Қазір күшіктердің туғанын екі айға болды. Олар өсіп-жетіліп, ойнап, күн сайын қамқорлығына алып отырған кинолог мамандарға үйреніп келеді. Жастары әлі кішкентай болғанына қарамастан, алдағы қызметке жарамдылығын анықтайтын алғашқы сынақтар басталып та кетті.

Мамандар күшіктердің мінез-құлқын, белсенділігін, зейінін және болашақ қызметіне қажетті өзге де қабілеттерін бағалайды. Ал алты айға толған кезде бұдан да күрделі сынақ кезеңі өтеді. Осының нәтижесінде әр күшіктің әлеуеті анықталып, қай бағытта даярланатыны белгіленеді.

Әзірге төрт болашақ қызметтік ит үшін ойын ойнап, кинологтардың қамқорлығын сезіну маңызды. Ал алда оларды жаттығу, арнайы дайындық және елорда тұрғындарының қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызмет күтіп тұр.

Бұл Кинологиялық қызмет орталығының бүкіл ұжымы үшін үлкен қуаныш. Көп ұзамай күшіктер елорда полициясының төрт аяқты жауынгерлеріне айналады.

Наверх