Еліміздің шығысында тағы бір әскери көз жұмды

20 Қыркүйек 2024, 10:44
1470
Бөлісу:
Еліміздің шығысында тағы бір әскери көз жұмды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Абай облысы Аягөз ауданында әскери қызметкер қаза болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ulys Media порталының ақпаратына сәйкес, туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.

Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғарғы оқу орынын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды. Әскери бөлім оның туған-туыстарына жас жігіттің асылып қалғанын айтқан. 

Ол Қызылордада университетте оқыған. Сол жерде әскери кафедраны бітірген. Запастағы лейтенант болып шыққан. Осы жылдың 7 қыркүйегінде әке-шешесі, әжесі, атасы – барлығы жолға шығарып салған. 9 қыркүйекте жұмысын бастағанын хабарлаған. Аягөзде оны екі жылға қызметке шақырған еді. Бір сағат бұрын суық хабар келді. Асылып қалған дейді. Командирдің орынбасары солай айтты. Бұл жақта күмән туады. Кеше ғана барған адам қалайша асылып қалады? Күмән туып жатыр, – дейді әскери қызметкердің жездесі Дархан. 

10810 әскери бөлімі Аягөз қаласында орналасқан.

Еске салсақ, 16 қыркүйек күні Түркістан облысы Арыс гарнизонында нарядта тұрған сарбаздың басына оқ тигені хабарланды. Қазір сарбаздың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.

Тағы бір қайғылы жағдай Маңғыстау облысында болды. 7 қыркүйекте "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің оқу-жаттығу жиыны кезінде 19 жастағы сарбаздың бетіне оқ тиіп, тіл тартпай кетті.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы "сарбаздар армияда жарақат алып, қайтыс болып жатыр" деп дабыл қағып, осы мәселені қолға алуды ұсынған болатын.

Өзгелердің жаңалығы