Елімізден ҰҚШҰ бітімгерлері толық шығарылды

19 Қаңтар 2022, 16:42
1298
Бөлісу:
Елімізден ҰҚШҰ бітімгерлері толық шығарылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының әуежайынан 2022 жылғы 19 қаңтарда Ресей Федерациясы Әуе-ғарыш күштерінің Ил-76 ұшақ бортымен соңғы бітімгерлер кетті.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті 2022 жылдың 5 қаңтарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге республикадағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін бітімгершілік күштерді жіберуге өтініш білдірген болатын. Қысқа мерзімде елге Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстаннан жалпы саны 2030 астам әскери қызметші және 250 бірлік техникамен бітімгершілік контингенттері жіберілді.

Елімізден ҰҚШҰ бітімгерлері толық шығарылды

Контингенттер стратегиялық маңызды, оның ішінде азаматтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін объектілерді күзету міндеттерін орындады. Аталған шаралар терроризмге қарсы операцияны тікелей жүргізу үшін қазақстандық күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін өрістету уақтылы әрі тиімді болды. Іс жүзінде ведомствоаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктері пысықталды. Бұл операция көпжылдық ынтымақтастық барысында жасалған тетіктерді іс жүзінде қолданудың мысалы ғана емес, сонымен бірге одақтас мемлекеттердің жауынгерлік бауырластығы мен рухының нақты дәлелі ретінде ұйымның тарихында қалады, - деді Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Құсайынов.

Елімізден ҰҚШҰ бітімгерлері толық шығарылды

2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы аяқталғанын атап өтті. Әскери контингенттерді 13 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен шығару жүргізілді. Бүгінгі күні бұрын келген бүкіл әскери контингент толық шығарылды.

Өзгелердің жаңалығы