Еліміздегі үздік медицина қызметкерлері марапатталды

17 Маусым 2022, 21:18
2755
Бөлісу:
Еліміздегі үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммитінде елдегі үздік медицина қызметкерлерін марапаттады. 

Денсаулық сақтау саласының ең үздік өкілдері деп танылғандардың арасында дәрігерлер, медбикелер, сала менеджерлері бар.

Медицина қызметкерлері күні - сіздердің қызметтеріңіз үшін үлкен алғыс білдіруге мүмкіндік беретін күн. Медицина қызметкерлерінің жұмысы өте күрделі және жауапты, олар демалыссыз, мереке күндері де жұмыс істейді. Бүгін біз ең күрделі және маңызды міндеттердің бірі – қолжетімді, сапалы және тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істейміз, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Өздерінің кәсіби мерекесінде денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі және саланың дамуына қосқан үлесі үшін дәрігерлер: 

- «Еңбек ардагері» медалімен - 253;

- «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен - 565;

- «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен - 569 медицина қызметкері марапатталды.

Сонымен қатар азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі және мінсіз адал еңбегі үшін:

- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен 574 медицина қызметкері;

- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің алғысымен 428 медицина қызметкері марапатталды.

«Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті аясында медициналық ұйымдар арасында «ALTYN SHIPAGER» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды.

«Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің үздік медициналық ұйымы»номинациясында Көкшетау қаласының емханасы жеңіске жетті. Ол 33 жыл бойы Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының 91 мыңнан астам тұрғыны тіркелген ең ірі емхана.

Еліміздің және қала тұрғындарына 24/7 тәулік бойы шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін, елорданың ірі көп бейінді емдеу-диагностикалық мекемелерінің бірі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 қалалық көпбейінді ауруханасы қаланың үздік стационары болып танылды.

«Үздік көпбейінді облыстық аурухана» атағының иегері Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасы болды. Бұл өңірдің жетекші клиникасы, оның 27 - клиникалық бөлімшесі, 2 – анестезиология және реаниматология бөлімшесі, 5 - емхана, оның ішінде онкологиялық орталық және параклиникалық бөлімшелері бар.

ALTYN SHIPAGER сыйлығының нұсқасы бойынша ең үздік аудандық аурухана болып Қарағанды облысы Абай ауданының Орталық аудандық ауруханасы жарияланды, ол үш рет «Сала көшбасшысы» ұлттық сертификатын алған. 2019 жылы ОАА бірінші санатты тағайындаумен аккредиттеуден өтті.

Медициналық кәсіпорындар арасында басқа да номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, олар еліміздің үздік клиникалары ретінде байқаудың Алтын мүсініне ие болды.

Денсаулық сақтау министрлігі ALTYN SHIPAGER Ұлттық медициналық сыйлығының ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, медицина қызметкерлері күнін мерекелеу қарсаңында және Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында іске асырылатын іс-шараны ұйымдастырып отыр. 

Форумға қатысушыларға арнаған сөзінде министр Денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктері мен міндеттері, сондай-ақ «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру туралы хабардар етті.

Медицинада жұмыс істеудің басты шарттарының бірі - адамдарға деген сүйіспеншілік!  Сондықтан медицинада кездейсоқ адамдар жоқ. Өмірдің қиын және күрделі сәттерінде адамға көмекке келе отырып, біз үлкен жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Бұл әсіресе соңғы, төтенше 2 жылда айқын көрінді. Бұл уақыт бүкіл планета үшін қиын болды. Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ. Біздің бүкіл еліміз күш сынақтарына төтеп берді, ал жауапкершіліктің негізгі бөлігі алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерінің мойнына жүктелді. Олар бірінші болып тәуекелдерді қабылдап, қауіптерге төтеп берді. Пандемия кезінде ауруханаларда короновирустық инфекциясы бар 500 мың науқас, реанимацияда 50 мыңға жуық ауыр науқас емделді және оларды 30 мыңнан астам медицина қызметкері емдеді, - деп атап өтті Ажар Ғиният.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Үкімет бекіткен саланың негізгі бағдарламасы төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылатын «Дені сау ұлт» жаңа жобасы екенін атап өтті.

«Дені сау ұлт» жобасының төрт негізгі бағыты бар екенін сіздер жақсы білесіздер. Жоба 5 жылға есептелген, ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде біз қазақстандықтардың денсаулығының жақсаруын күтеміз, - деді еліміздің бас дәрігері. 

Еске сала кетейік, еліміздің денсаулық сақтау саласында 78 мыңнан астам дәрігер, 180 мыңнан астам орта медициналық персонал мамандары және 10 мыңнан астам басқа да көмекші, бірақ сала үшін маңызды медициналық ұйымдардың қызметкерлері жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы