Елімізде суға шомылу маусымы аяқталып, қорытындысы шығарылды

2 Қыркүйек 2020, 06:10
1454
Бөлісу:
Елімізде суға шомылу маусымы аяқталып, қорытындысы шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше елімізде суға шомылу маусымы ресми аяқталып, ІІМ ТЖК суға шомылу маусымының қорытындысын шығарды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Суда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, ТЖК полициямен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырушылық, практикалық іс-шаралар кешенін жүргізді. Күн сайын азаматтық қорғау органдары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен рейдтер мен патрульдеу жүзеге асырылды.

Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында құтқарушылар 160 адамды, оның ішінде 35 баланы құтқарды. Ал суға шомылу маусымы басталғаннан бері 140 адам, оның ішінде 27 бала құтқарылды.

Сонымен қатар, суға шомылу кезеңінің басынан бастап өз күштерін бағаламау себептері бойынша, суға шомылу кезінде алкогольдік мас күйінде, суға батушыны құтқару және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру кезінде 239 адам, оның ішінде 75 бала суға кетіп, көз жұмды.

Тек суға шомылу маусымының соңғы аптасында Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Шымкент қаласында 14 адам, оның ішінде 3 бала суға батып, көз жұмды.

Биылғы суға шомылу маусымында Алматы (35), Шығыс Қазақстан (31), Түркістан (23) облыстарында суға батып кеткен адамдардың саны көп болды.

Елімізде суға шомылуға рұқсат етілген 445 орын анықталып, 6 020 ескерту белгісі орнатылды. Адамдардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке жағажайлардың 689 құтқарушы-жасақшысы оқытылды.

Полиция департаменті мен волонтерлік ұйымдармен бірігіп, қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс және су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзушыларды анықтау бойынша бірлескен рейдтер мен патрульдеу жүргізілді.

Биылғы 1 маусымнан бастап 33 мың рейд және патрульдеу жүргізілді. Нәтижесінде, 6 355 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға ӘҚБтК-нің 440-бабы ("Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу") және 364-бабы ("Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша 14 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Өзгелердің жаңалығы