Елімізде саяси процестер эволюциялық тұрғыда дамып келеді – Ерлан Саиров

9 Желтоқсан 2020, 12:57
1130
Бөлісу:
Елімізде саяси процестер эволюциялық тұрғыда дамып келеді – Ерлан Саиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Өскемен қаласында «Сайлау-2021: маңызы мен ерекшеліктері» тақырыбында өткен сарапшылар кездесуінде саясаттанушы Ерлан Саиров айтты.

Оның айтуынша, халық арасында демократияға деген сұраныс бар.

Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық кеңес құрылған болатын. Президент саяси реформалардың бірінші пакетін ұсынды. Соның аясында еліміздегі жеті заңға өзгеріс енгізілді. Олардың қатарында саяси маңызы бар заңдар бар. Жаңа тұрпаттағы митинг жөніндегі заңға өзгерістің енгізілуін, партия туралы заңда жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квотаның берілуін, Парламент жөніндегі заңда парламенттік оппозиция деген ұғымның пайда болуын атап өтуге болады, - деді ол.

Оның айтуынша, осының бәрі елімізде саяси процестің эволюциялық тұрғыда дамып келе жатқанын көрсетеді. 

Сонымен қатар елімізде әлеуметтік мәселелер шешіліп жатыр. Соңғы төрт жылда үш мыңнан астам балабақша, екі мыңнан астам мектеп салынды. Мұның бәрі елімізде адам капиталын дамытуға қадамдар жасалып жатқанын айғақтайды. Міне, сондықтан Қазақстан бүгінгі тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет деп айтуға негіз бар, - деді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы бүгінгі кездесуде сарапшылар Парламент сайлауы еліміздегі әлеуметтік прогресс пен экономикалық өрлеуге алып келетін нақты қадам болуы тиіс деген пікірге келгендерін атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы