Елімізде сатып алынған әрбір екінші көлік - отандық өнім – Атамқұлов

17 Қыркүйек 2020, 12:21
1406
Бөлісу:
Елімізде сатып алынған әрбір екінші көлік - отандық өнім – Атамқұлов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан машина жасаушыларының кезекті VIII форумында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов саладағы өндіріс көлеміне тоқталды. 


Осы алаңда барлық мүдделі тараптардың қатысуымен машина жасау және өңдеу өнеркәсібіне қатысты маңызды мәселелерді талқылау - біздің жыл сайынғы дәстүріміз. Мемлекеттік индустриялдық бағдарламаны  іске асыру нәтижесінде машина жасау өңдеу өнеркәсібінің драйверіне айналды. Соңғы он жылда саладағы өндіріс көлемі 4 есе, инвестициялар 2,5 есе, экспорт көлемі 3 есе өсіп, 1,1 млрд АҚШ долларын құрады. Саладағы өндіріс көлемі 2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн 472 млрд теңгеге, 2020 жылдың сегіз айында 16,3%-ға артты. Саладағы 3000 кәсіпорында шамамен 123 мың адам еңбек етеді, - деді ол.

Министр форум барысында мемлекет пен бизнестің ортақ күші арқасында елімізде бұл сала бойынша 367 млрд теңгенің 128 жобасы сәтті жүзеге асқанын жеткізді. Оның айтуынша, шамамен, 16 мың жұмыс орны құрылды.

Еңбек өнімділігі 9,2 мың АҚШ долларынан, 15,5 мың АҚШ долларына артты. Экспортқа жіберілетін өнімнің номенклатурасы кеңейтілді. Бүгінде еліміздің машина жасаумен айналысатын кәсіпорындары БАӘ, Тәжікстан, Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Италия сияқты елдерге экспорт жасайды. Локоматив, жүк және жолаушылар вагоны, теміржол дөңгелектері, бағыттамалы бұрмалар, аккумуляторлардың жаңа түрлері, жоғары сапалы сорғылар, кеме жасауға арналған құрылғылар сияқты машина жасау өндірісінің жаңа түрлері қосылды,- деді ол.

Бейбіт Атамқұлов машина жасау ісінің кіші салалары арасында автокөлік жасау саласында динамикалық даму барына тоқталды.

Көлік корпусын бояу және дәнекерлеу бойынша технологиялық операцияларды енгізу аясында ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты құрастыруға ауысу шарасы жүргізілді. Локализация деңгейі 40%-ға жеткізілсе, жеке модельдер бойынша локализация көлемі 50%-дан асады. Өткен он жыл ішінде өндіріс көлемі 25 есеге, инвестиция ағымы 14 есеге  артты. Бүгінде елімізде сатып алынған әрбір екінші көлік отандық өнім. Бұл тамаша көрсеткіш, - деді министр.



Өзгелердің жаңалығы