Елімізде былтырғы жылдан 3,5 млн тонна астық қалған

28 Қыркүйек 2021, 16:08
4111
Бөлісу:
Елімізде былтырғы жылдан 3,5 млн тонна астық қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров хабарлады. 

Оның айтуынша, еліміздегі егін көлемі жеткілікті.

Одан бөлек, республикада былтырдан қалған астықтың көлемі 3,5 млн тоннаны құрайды. Оның 2,8 млн тоннасы – бидай. Астықтың күтілетін жалпы мөлшері және былтырдан қалған астықты есептегенде, еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы айта кеткен жөн. Себебі баға қымбаттауы мүмкін деп айтылуда. Бірақ егін жеткілікті болғаннан кейін менің ойымша, бұл тұрғыда проблема болмайды, - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ министрдің бірінші орынбасары ендігі басты мәселе – жиналған астықты дұрыс сақтауды қамтамасыз ету екендігін алға тартты.
Жалпы республикадағы қоймалардың сыйымдылығы 29 млн тоннаны құрайды. Соның ішінде элеваторлар – 12,4 млн тонна. Ал бүгінгі таңда лицензияланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті. Оның 2,2 млн тоннасы – бидай. Түскен бидайдың 91%-ы бірінші, екінші, үшінші сұрыпқа жатады. Ал 2023 жылы ол көрсеткіш 83%-ды құрайды, - деді Айдарбек Сапаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін республикамызда қанша тонна астық жиналғаны туралы жазған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы