Елімізде 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді

5 Қазан 2023, 15:30
1399
Бөлісу:
Елімізде 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді
Фото: ОКҚ

Республикада денсаулық сақтау саласында дәрігерлер қажеттілігі 3,9 мың штаттық бірлікті құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Дәрігерлердің, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен шамамен 6 мың білім беру гранты бөлінді. Биыл медициналық жоғары оқу орындарынан шамамен 7 мың дәрігер бітірді. Өңірлердің ақпараты бойынша 3 мыңнан астам денсаулық сақтау мамандары жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте 601 маманға көтерме ақы бөлінді, тұрғын үймен 384 адам қамтамасыз етілген, өзге де қолдау шаралары 74 маманға көрсетілген, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, осы жылы үздіксіз интеграцияланған медициналық білім берудің жаңа моделі енгізілген.

Көпбейінді мамандардың қажеттілігін жабу үшін медициналық мамандықтар бойынша сертификаттау курстарының тізімі кеңейтілді. Алыс және жақын шетел медициналық жоғары орындарының түлектері осы жылдан бастап елімізде денсаулық сақтау саласында маманды сертификаттау рәсіміне қол жеткізе алады. Сондай-ақ тиісті заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бұл шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауды, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге, дәрігер мамандығына құрмет пен мәртебені көтеруге, сондай-ақ жас буынды денсаулық сақтау саласына тартуға арналған, - деді Ажар Ғиният.

Өзгелердің жаңалығы