Елімізде 200 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін

22 Қараша 2023, 10:51
513
Бөлісу:
Елімізде 200 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспанаға кезекке тұру тәсілдері өзгеретінін айтып, кезектен қанша адам шығарылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Шарлапаевтың айтуынша, ашықтықты қамтамасыз ету үшін Отбасы банкінің интернет-ресурсында баспанаға кезекке тұрғандардың тізімдер жарияланып отырады. Бұған қоса тоқсан сайын бір рет инвентаризация жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінгі күні қолдаңыстағы заңнамаға сәйкес инвентаризация жұмыстарын әкімдіктер жылына бір рет жасайды. Қазіргі таңда біздің министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп кезекте тұрған азаматтарды заңнама талаптарына сәйкестігі бойынша талдау жасады, - дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Ведомство басшысының айтуына қарағанда, алдын ала мәліметтерге сәйкес 646 мың кезекте тұрған азаматтың 232 мыңы кезектен шығарылады. Министрдің берген дерегінше, олардың 96,1 мыңы – соңғы 5 жылда тұрғын үй болған, 533 - ҚР азаматтығы жоқ, 91,4 мыңында – тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мың – тіркеусіз және 15,6 мың – қайтыс болғандар.

Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдардың бұл жұмысты тиімсіз түрде жүргізгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Биылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 607 кезекте тұрған адам кезектен шығарылды. Олар 5 ҰОС ардагері, 1 045 жетім бала, 3 539 көпбалалы отбасы, 7 936 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, 9 002 мемлекеттік қызметші мен бюджет қызметкері, авариялық тұрғын үйі бар 80 азамат, - деп айтты Қанат Шарлапаев.

Бұған дейін министр заң аясында баспанаға кезекке тұру тәсілдері өзгеретінін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы