Электронды сайлау енгізіле ме? ОСК киберқауіпсіздік мәселесін көтерді

Сайлау процесін жүзеге асыратын алқалы тұрақты орган электронды дауыс берудің қауіпті тұсын атады.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Кеше 2026, 10:46
Кеше 2026, 10:46
253
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов алдағы Құрылтай сайлауында электронды дауыс беру мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Электронды дауыс беру мәселесі дәл қазір күн тәртібінде тұрған жоқ. Біздің әріптестер шетелге барып, сайлау процестерін бақылап, осы бағыттағы тәжірибені де зерттеп жүр. Жалпы ортақ статистикаға сүйенсек, БҰҰ-да тіркелген 193 елдің ішінде қазіргі таңда шамамен 40 мемлекетте электронды дауыс беру жүйесі бар. Оның өзінде кейбір елдерде бұл жүйе кейін тоқтатылған немесе пилоттық режимде ғана қолданылып келеді. Мұндай үрдіс бар: кей мемлекеттер электронды дауыс беруді енгізіп, тәжірибеде сынап көргеннен кейін одан бас тартып жатады. Қазірдің өзінде 12 елде осындай жағдай болғаны туралы дерек бар. Мысалы, Германия, Нидерланд және Норвегия электронды дауыс беру жүйесін енгізіп, кейіннен одан бас тартқан, - деп атап өтті ОСК хатшысы Үкіметтің кулуарында берген сұхбатында.

Айтуынша, киберқауіпсіздік мәселесіне аса мән беру қажет.

Бірінші кезекте туындайтын мәселе – киберқауіпсіздік. Бүгінде бұл өте өзекті тақырып екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Мұндай жағдайда әр сайлаушының дауысы дәл өзі берген күйінде есептелетініне кепілдік беру, сонымен бірге жүйеге сырттан араласу қаупінің болуы алаңдатады. Сондықтан біз бұл мәселені мұқият зерттеп жатырмыз. Біз электронды дауыс беруден толықтай бас тартамыз деп отырған жоқпыз. Бірақ дәл қазір мұндай норманы ұсынуға асықпаймыз. Қалай болғанда да, бұл мәселе Парламентте қаралады. Өйткені Орталық сайлау комиссиясы заңнамалық бастама көтеретін орган емес, - деді ол.

Сонымен қатар ол электронды сайлаудың құнына тоқталды.

Бұл өте қомақты қаржы. Қазір нақты сома туралы айтуға дайын емеспіз. Әлдеқайда қымбат болады. Өйткені мұнда ұйымдастыру мәселесі көп. Біріншіден, арнайы қорғалған жабдықтар сатып алынуы керек. Ең бастысы – киберқауіпсіздік мәселесі. Мысалы, қазірдің өзінде сайлауаралық кезеңде ОСК сайтына аптасына орта есеппен 7–8 кибершабуыл жасалады. Бұл – сайлау науқаны басталмаған уақыттағы жағдай. Ал сайлау кезінде шабуыл саны әлдеқайда көбейетіні түсінікті. Сонымен қатар біз басқа елдердің тәжірибесін де зерттеп жатырмыз. Мысалы, Ресейдегі тәжірибеге сүйенсек, сайлау қарсаңында 1,5 миллионға дейін DDOS-шабуыл тіркеледі. Сондықтан мұндай жүйені қорғауға қабілетті арнайы жабдық қажет, - дейді Шавкат Өтемісов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ОСК Құрылтай сайлауына қанша қаржы кететінін түсіндірді.

Тағы оқи отырыңыздар: Президент туралы заң: Қазақстанда не өзгереді? 

Қазақстанда Вице-президент қалай тағайындалады 

Президент пен экс-Президент мәртебесіне қатысты өзгерістер болады 

Наверх