Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мақсатында әзірленген.
Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция адам, қоғам және мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыратынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жүйеде негізгі рөл президент институтына жүктеледі.
Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілі, – деді министр.
Сондай-ақ ол Конституциядағы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекеттік басқарудың жаңа моделін айқындайтынын жеткізді.
Заң жобасы 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Құжатта Президенттің мәртебесі, қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі және лауазымға байланысты шектеулер қарастырылған.
Министрдің сөзінше, заң жобасында кезектен тыс сайлау институтынан бас тарту ескеріліп, сайлау өткізу және ант беру рәсімдері нақтыланған. Сонымен бірге суперпрезиденттік басқару моделінен бас тартуға бағытталған бұрынғы қағидаттар сақталған. Атап айтқанда, Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі, оның жақын туыстарына қойылатын шектеулер және Мемлекет басшысының саяси партия мүшесі болмауы туралы нормалар өзгеріссіз қалған.
Құжатта Президенттің сыртқы және ішкі саясаттағы өкілеттіктері, Үкіметпен, Құрылтаймен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы нақты көрсетілген.
Сонымен қатар алғаш рет Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері жеке баппен бекітіледі. Оған Кеңес құрамын бекіту және оның ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру мәселелері кіреді.
Заң жобасында Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты Президент өкілеттіктері де айқындалған. Мемлекет басшысы омбудсменді тағайындап, оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды.
Құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі – Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институтын енгізу. Министрдің айтуынша, бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, жоғары билік органдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.