Президент пен экс-Президент мәртебесіне қатысты өзгерістер болады

Жоғары билік жүйесінің тұрақтылығын күшейтетін заң жобасы таныстырылды.

Кеше 2026, 10:44
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Кеше 2026, 10:44
Кеше 2026, 10:44
261
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, заң жобасының 5-тарауында ұсынылып отырған өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал 6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-Президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді. Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, бұл нормалар жаңа Конституцияға сәйкес нақтыланып, сәйкестендірілген.

Атап айтқанда, құжатта редакциялық өзгерістер енгізіліп, нормалар Құрылтай институтына бейімделген.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясына және «мемлекеттік саяжайға» қатысты ережелер алып тасталған.

Жалпы алғанда «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы бірнеше негізгі бағытты қамтиды.

Біріншіден, құжат «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын институционалдық тұрғыда бекітуді қамтамасыз етеді.

Екіншіден, жоғары мемлекеттік билік органының тиімділігі мен орнықтылығын арттырып, Президенттің тұрақтылық кепілі ретіндегі үйлестіруші рөлін нығайтады.

Үшіншіден, Президент өкілеттіктерінің конституциялық институттармен, оның ішінде жаңадан қайта құрылатын институттармен жүйелі өзара байланысын күшейтеді.

Төртіншіден, Вице-президент институтын енгізу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру көзделген.

Бесіншіден, қолданыстағы заңнаманы билік тармақтарының өзара іс-қимылының жаңа конституциялық моделіне бейімдеу, сондай-ақ саяси жаңғырту мен заң үстемдігін одан әрі нығайтуға арналған тұрақты құқықтық негіз қалыптастыру қарастырылған.

Сөз соңында Ерлан Сәрсембаев Конституциялық заңды қабылдау президент институтын мемлекеттің жаңартылған конституциялық моделіне сәйкес одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұл модельге сәйкес Қазақстан Республикасы – әділеттілік, заңдылық және адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген мемлекет. Ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, – деді министр.

Бұған дейін Президент туралы заң өзгерген еді.

Наверх