Елдің қанша пайызы ешқашан отбасын құрмаған

20 Қараша 2023, 11:17
595
Бөлісу:
Елдің қанша пайызы ешқашан отбасын құрмаған
Фото: - архив

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықтың көші-қоны, неке және отбасы, сондай-ақ үй шаруашылықтары бойынша кезекті жинақтарды шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда аймақтар, жыныс және жас құрамы бөлінісіндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ соңғы екі санақ арасындағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. Жинақтар stat.gov.kz сайтының «Ұлттық санақтар» – «Санақ 2021» бөлімінде орналастырылған.

Некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 2009 жылы 6,6 миллионнан 2021 жылы 8,2 миллионға дейін өсті

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың 60,9% некеде болған, осылайша некеде тұрған азаматтардың саны 8,2 млн адамды құрады. Оның ішінде 9% – қайта неке құрғандар. Жалпы халықтың 28% – ешқашан үйленбеген, 5,3% – жесір, ал қалған 5,8% – ажырасқандар.

2009 жылмен салыстырғанда ішкі көші-қон ағыны өсті

Ішкі көші-қон көлемі 2009 жылы 2,3 млн адамнан 2021 жылы 2,6 млн адамға дейін ұлғайды. Қазақстандықтар Алматы қаласына (357,9 мың адам), Алматы облысына (286,1 мың адам) және Астана қаласына (283,5 мың адам) көп қоныс аударған.

Қызылорда және Атырау облыстарына халықтың ең аз саны – тиісінше 72,9 мың және 72,5 мың адам көшіп барған.

Бұл ретте, өз елдімекенінен көшіп кетушілердің ең аз саны Маңғыстау облысында (71,8 мың адам), ал керісінше тұрғындары көп көшіп кеткендер саны бойынша Алматы облысы көш басында – 307,8 мың адам.

Үй шаруашылықтарының саны 27,9% өсті

Санақ нәтижелері үй шаруашылықтары санының 27,9% өскенін көрсетті – 2009 жылғы 4,3 млн бірліктен 2021 жылы 5,6 млн бірлікке дейін.

Қалалық жерлерде үй шаруашылықтарының 3,7 млн (66,4%), ауылдық жерлерде – 1,8 млн (33,6%) бірлігі есепке алынды.

Қазақстан бойынша үй шаруашылықтарының орташа мөлшері 3,4 адамды құрады. Бұл ретте, ауылдық жерлердегі үй шаруашылықтарының орташа мөлшері қалалық жерлерге қарағанда артық, тиісінше 3,9 және 3,1 адамнан.

Үй шаруашылықтарының ең жоғары орташа мөлшері Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарында байқалды – 4,3-тен 5,2 адамға дейін.

Өзгелердің жаңалығы