Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, елімізде экологиялық тұрғыдан ең көп ластанған 8 қала бар.
8 қаланың ішіне: Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Өскемен қалалары кіреді. Осы бойынша жол картасы әзірленген. Сол картада көзделген шаралар толықтай орындалса, шығарындыларды 20-30 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар, - деп атап өтті комитет басшысының міндетін атқарушы.
Белгілі болғандай, Алматы мен Астанада ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне жылу электр орталықтары, қазандықтар, автокөлікке және жеке секторға тиесілі.
Ал Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі.
Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары жоғары ластанудың себебіне айналып отыр.
Айта кетейік, Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев «Қазақстанда атом электр станциясы салынса, экологияға зиянын тигізбей ме?» деген сауалға жауап берді. Айтуынша, Атом электр станциясы бойынша министрлікке бүгінгі таңда ешқандай құжат түспеген.
Сонымен қатар Абдуалиев былтыр республика аумағында 4,3 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылғанын айтты.