Ертіс өңірінде апатты жағдайдағы 3 мектеп бар

13 Сәуір 2023, 15:45
888
Бөлісу:
Ертіс өңірінде апатты жағдайдағы 3 мектеп бар
Фото: azattyq-ruhy.kz

Биыл жаңа нысандар салу бойынша келісімдер жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Бір жаңа мектептің құрылысы Баянауыл ауданының Қаражар ауылында басталды. Екі қабатты нысан 100 оқушыға шақталған.

Мамандардың айтуынша, ескі ғимарат 1958 жылы салынып, әбдін ескірген. Сондай-ақ заман талаптарына сай емес. Жаңа нысанда спорттық зал, шағын орталық, асхана мен санитарлық тораптар болады деп қарастырылған. Сондай-ақ ашық аспан астындағы спорттық алаңқайлар пайда болады.

Қаражар ауылындағы мектепте техникалық зерттеу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде апатты деп танылды. Білім беру үрдісі оқу жылының соңына дейін жалғасады. Жаңа мектеп 1 қыркүйекте қолданысқа беріледі деп күтілуде. Барлық техникалық-санитарлық талаптар орындалады. Бүгінгі таңда мектепте 50-ден астам оқушы оқиды. Ал шағын орталыққа 18 бала барады деп күтілуде, - дейді облыстық білім беру басқармасының мамандары.

Айта кетейік, облыстағы апатты мектептер Баянауыл, Павлодар және Железин аудандарында орналасқан. «Білімді ұлт» жобасы бойынша оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 7 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда облыстың 340 мектебінің 231 нысаны жаңа үлгідегі кабинеттермен жарақтандырылды.

Өзгелердің жаңалығы