Елде ядролық физиктерді дайындайтын болады

2 Тамыз 2022, 10:16
1800
Бөлісу:
Елде ядролық физиктерді дайындайтын болады

«Мәскеу инженерлік физика институты» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалы бакалавриат пен магистратураға қабылдау науқанын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресейдегі ең үздік ұлттық зерттеу университеттерінің бірі Қазақстандағы филиалында «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері» және «Элементар бөлшектер физикасы және ғарыш физикасы» оқу бағдарламалары бойынша сабақ береді.

«MИФИ» филиалы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында орналасады және аталған оқу орнының мамандары құжаттарды қабылдауда. 2 тамызда Алматыға МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің іріктеу және пәндік комиссиясының өкілдері келеді.

Бүгінде бакалавриат бойынша 62 және магистратурада оқуды жалғастыру үшін 10 құжат тапсырылды. Қабылдау емтихандарының бірінші толқыны 3 (физика) және 5 тамызда (математика) өтеді. Екінші толқын сәйкесінше 25 және 27 тамызға жоспарланған, - делінген хабарламада.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, филиалдың ресми ашылуы қыркүйектің екінші жартысына, ал оқудың басталуы 2022 жылдың 1 қазанына жоспарланған.

«MИФИ»  ұлттық ядролық зерттеу университеті – беделді ғылыми мектептері бар әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің бірі (әлемдегі Топ-350). Мұнда Нобель сыйлығының 6 лауреаты жұмыс істеді. Бүгінде МИФИ-де 200-ден астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Ресей жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – ядролық энергетика, геология және мұнай-газ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау. Нәтижесінде еліміз тек жоғары білікті инженерлерді ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу қызметіне дайын жас ғалымдарды да алады деп күтеміз, - дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

«MИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінде оқытудың басты ерекшелігі – білім беру, ғылыми және инновациялық қызмет үздіксіз жүргізіледі. Студенттер төменгі курстан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыса алады. 3-курстан оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу міндетті.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы отырысында 2025 жылға дейін Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашуды тапсырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы