Елде қандай жағдайда мектептер мен балабақшалар ашылады

9 Сәуір 2022, 11:42
2909
Бөлісу:
Елде қандай жағдайда мектептер мен балабақшалар ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігі  «Халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» бұйрық дайындады.

Осыған байланысты білім беру ұйымдары желісінің кепілдендірілген мемлекеттік нормативін регламенттейтін осы бұйрық жобасы әзірленді.

Бұл жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді көздемейді.

Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативі Конституция және «Білім туралы» заңның кепілдік берілген азаматтардың тегін мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында айқындалған.

Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жалпы саны әрбір ауылдық елді мекенде:

Мектепалды жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Кіші мектеп жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда, мемлекеттік бастауыш білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Кіші және орта мектеп жасындағы адамдардың саны 41 және одан көп болғанда, мемлекеттік негізгі орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда, мемлекеттік жалпы орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Қалалық жерде тұрғындардың тегін мектепалды және орта білім алуға қажеттілігін қанағаттандыру үшін мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беретін ұйымдар желісінің жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Тиісті жалпы білім беретін мектептері жоқ елді мекендерде тұратын 10 және одан да көп білім алушы болған жағдайда мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер жанындағы интернаттардың жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Аз тұрғыны бар елді мекендерде тұратын білім алушылардың контингенті 150 және одан көп болған жағдайда ашылатын мемлекеттік мектеп-интернаттардың жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

Әрбір облыста:

1) мемлекеттік санаториялық мектеп-интернаттардың;

2) мемлекеттік арнайы білім беру ұйымдарының;

3) девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мемлекеттік білім беру ұйымының жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.

2-тармақта көрсетілген нормативтер білім беру ұйымдары мектепалды және мектеп жасындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылар тұрақты тұратын елді мекендерден 3 километрден астам қашықтықта болған кезде белгіленеді.

Елді мекендердің арасында табиғи кедергілер (өзендер, көлдер) болған жағдайда мұндай білім беру ұйымдары бір-бірінен аз арақашықтықта құрылады.

Құжат жобасы 22 сәуірге дейін Ашық НҚА сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.

 

Өзгелердің жаңалығы