«Елбасы мәртебесі» туралы заң. Заңға сәйкес келмейді - депутат

13 Қаңтар 2023, 10:12
1197
Бөлісу:
«Елбасы мәртебесі» туралы заң. Заңға сәйкес келмейді - депутат

Конституциялық сот «Елбасы мәртебесі» жөніндегі заңы жаңа Ата заңға сәйкес келмейтіні жөнінде шешім шығарды. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутат Ерлан Сайыров мәлімдеді.

Бірлескен отырыста Ерлан Сайыров «Қазақстан Республикасының бірінші Президенті - Елбасы статусы» жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасын таныстырды.

Былтыр бүкілхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияны жақтап Қазақстан халқының 77%-ы дауыс берді. Конституциялық реформа елімізде биліктер тармағы институттарын нығайтып, қоғамда демократияны қалыптастырудағы Тәуелсіз 30 жылдың ішіндегі ірі қадам, прогрессивті бағыт-бағдар, - деді ол.

Сөзінше, Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды.

Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың  билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мәжілісінің бір топ депутаты халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескере отырып, аталған заң жобасын ұсынды, - деп түсіндірді Ерлан Сайыров.

 «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы аталған мәселеге қатысты Конституциялық Сотқа жүгінді. Депутаттың айтуынша, Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті-Елбасы статусы» жөніндегі заңының еліміздің жаңа Ата заңына сәйкес келмейтіндігі жөнінде шешім шығарды.

Қазақстанның қоғамдық  процесінде  саяси институттарға  монополия құру әрекеттері, өмір көрсеткендей, елде саяси құндылықтарды девальвациялап, мемлекет дамуына кері әсер тигізуге қабілетті. Сол себепті  мұндай  олқылықтарға болашақта қоғамдық - саяси иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Жоғарыда айтылғанды басшылыққа алып, саяси-құқықтық негіз жоқ екенін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының бірінші Президенті - Елбасы статусы» жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасы ұсынылады, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Бұл қадам елде Ата заңның нормаларын қатаң сақтауға, саяси институттарды  бөтен протекциялық күштерден сақтандыруға бағытталған саяси – құқықтық акт.

Депутаттың айтуынша, Конституциялық заңның қабылдануы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді, бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді.

Өзгелердің жаңалығы