Ел аумағындағы онлайн казино ұйымдарының тізімі жарияланды

22 Қараша 2023, 16:45
510
Бөлісу:
Ел аумағындағы онлайн казино ұйымдарының тізімі жарияланды
Фото: Мәдениет және спорт министрлігі

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында онлайн казино қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың тізімін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған тізім Мемлекет басшысының заңсыз құмар ойындарды өткізуді шектеу туралы тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп құрылды. Тізім қаржылық мониторинг субъектілерінің заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл шеңберінде және өз қызметінде пайдалануы үшін ҚМА порталында орналастырылған. Ол заңсыз ойын бизнесін жүзеге асыру кезінде қаржы ұйымдарының өнімдері мен қызметтерін пайдалану деңгейін төмендетуге бағытталған.

Ойынға тәуелділік адам тағдырын бұзатын қауіпті құбылысқа айналады. Бұл проблема отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауына және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға алғышарттар туғызады, - дейді ҚМА өкілдері.

2019-2022 жылдар аралығында 73 жасырын казино жойылып, 2280 ойын терминалы тәркіленді.

Биыл жыл басынан бері Агенттік қызметкерлері 19 заңсыз ойын мекемесін және 111 ойын терминалын анықтады. Қабылданған алдын алу шараларының арқасында соңғы 5 жылда тіркелген істер санының 5,5 есеге төмендеуі байқалады. 

Сонымен қатар бүгінгі күні Агенттік заңсыз ойын қызметі (онлайн казино) белгілері бар әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарға 3 мыңнан астам сілтемесін бұғаттаған.

ҚМА азаматтардың құқықтарын қорғау және оларды заңсыз құмар ойындарға тәуелділіктен сақтау жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыруда.

Өзгелердің жаңалығы