Екібастұздағы жарылысқа байланысты жұмыс тобы құрылды

27 Шілде 2023, 02:21
470
Бөлісу:
Екібастұздағы жарылысқа байланысты жұмыс тобы құрылды
Фото: видеодан кадр

Екібастұз қаласындағы газ құю станциясында болған өрт пен ондағы адам өліміне байланысты жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Қала әкімдігінің қаулысымен 23 жанар-жағармай және 11 газ құю станциясы қызметіне мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары төрағалық етеді. Құрамында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, жергілік полиция қызметінің бастығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы, сәулет, мемлекеттік кірістер және санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармаларының басшылары бар. Жұмыс тобы бүгін міндетін атқаруға кірісті, - делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан адам өлімі тіркелуіне байланысты 2 қылмыстық іс қозғалған.

Еске салсақ, бүгін сағат 13:24-те Екібастұз қаласы Қонаев, 5 көшесінде орналасқан АГҚБ газ құйылған 4 резервуар жанды. Оқиға орнында шамамен 40 газ баллон болған. Өрт жақын маңдағы «Феруза» азық-түлік дүкеніне өтіп, шамамен 200 шаршы метр аумақтағы шатыр, сондай-ақ 20 шаршы метр аумақтағы су мұнарасының шатыры жанды. Өрт 15:00-де оқшаулауланып, 15:44-те сөндірілді.

Цистернаның жанынан жас жігіттің денесі табылғаны мәлім болды.  Кейін марқұмның кім екені анықталды.

Өзгелердің жаңалығы