ЕАЭО-да қазақстандық авторлардың құқығын қамтамасыз ететін келісім мақұлданды

13 Наурыз 2019, 10:40
6358
Бөлісу:
ЕАЭО-да қазақстандық авторлардың құқығын қамтамасыз ететін келісім мақұлданды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.

«Сіздердің қарауларыңызға 2017 жылғы 11 желтоқсандағы Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау бойынша Заң жобасы ұсынылады. Бұл Келісім Одақ аумағында құқықтарды ұжымдық басқару арқылы қазақстандық авторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Өз кезегінде, Одаққа кіретін мемлекеттердің авторларының мүліктік құқықтары Қазақстан Республикасы аумағында қамтамасыз етілетін болады», - деді заң жобасын таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев.

Министрдің айтуынша, авторлардың Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сыйақы алу құқығы іс жүзінде ұжымдық басқару арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты Келісім ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қағидаттарын, құқықтары мен міндеттерін, оларды мемлекеттік бақылау нысандарын белгілеу арқылы ұжымдық басқарудың жалпы тәсілдерін реттейді. Келісімде авторларға жиналған сыйақыны бөлу және төлеу, міндетті аудит жүргізу, ұжымдық басқару ұйымдарының міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершіліктің негіздері қарастырылады.

«Келісімге сәйкес, ұйымдар жиналған сыйақы сомасының елу пайызына дейін өзінің шығыстарын жабу және арнайы қорлар үшін ұстап қалуға құқылы. Алайда, әр мүше мемлекет өз заңнамасында мұндай ұстап қалудың ең төменгі шекті жалпы мөлшерін белгілей алады. Мысалы, еліміздің ұлттық заңнамасына сәйкес ұйымдардың шығыстарын жабуға арналған сомалар жиналған сыйақының жалпы сомасының 30 пайызынан аспауға тиіс», - деді Бекетаев.

Министрдің мәліметінше, бұл ретте зияткерлік меншік саласында ұлттық заңнама үшін Келісімде бір жаңа механизм қарастырылған. Атап айтқанда, Келісімге сәйкес әр мемлекет 5 жыл ішінде ұйымдардың сайттарында авторлардың аудиторлық қорытындыларға қол жеткізілуін қамтамасыз ету міндетті. Бұл ұжымдық басқару ұйымдардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады. Келісімде реттелмеген мәселелер мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес шешілетін болады.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы