Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада өткен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік – денсаулық сақтау саласы мен демографиялық дамудағы басты проблемалардың бірі болып отыр.
Елдегі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мен фертилді жастағы әйелдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған "Аналар саулығы" бағдарламасы әзірленген. Жеке бағыт ретінде ерте жүктілік пен жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялардың алдын алу қарастырылады. Әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, респонденттер жыныстық өмірді 12 жастан бастаған. Ал жыныстық өмірді бастаудың орташа жасы – 16,8 жасты құрайды, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен жасанды түсік деңгейі жоғары екендігіне тоқталды.
Жыл сайын жүктілік бойынша есепке 15 пен 17 жас арасындағы 2 755 жасөспірім есепке тұрады. Бұл үрдіс 2016 жылдан бастап сақталып келеді. Осы орайда, 2024 жылы 14 жасқа толмаған жасөспірімдер арасында – 22, 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында – 1 455 жағдай тіркелген, - деді Ақмарал Әлназарова.
Еске салайық, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның жаңа құрамын таныстырды. Сондай-ақ министр жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесін көтерді.