Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордада өткен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жасөспірімдер жүктілігі Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарында көп анықталған.

Ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен кейбір өңірде көрсеткіштер көңіл көншітеді дей алмаймыз. Жасөспірімдер жүктілігі көп жағдайы Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде 15 пен 19 жас аралығындағы қыздар арасында бала туу көрсеткіші елдегі орташа деңгейден асады. Маңғыстау бірнеше жыл қатарынан жасөспірімдер жүктілігі бойынша бірінші орында тұр. Өңірде 13 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмаған 37 мың қыз бала бар. Мамандар олардың кейбірі жыныстық өмірді 13 жастан бастағанын айтады. Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызының дерегінше, 12 жастан басталады екен, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр ұлттық комиссия мүшелеріне Мемлекет басшысының атына нақты ұсыныстар мен түзетулер көрсетілген қызметтік хат дайындалатынын ескертті.
Сондай-ақ қазіргі уақытта "Аналар саулығы" бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаны жеке зерттеп, талқылап, бағдарламаны іске асыру бойынша жұмысты күшейту үшін ұлттық комиссия ұсынатын шараларды қарастыруды сұраймын. Біз жасанды интеллект, жаңа технологиялардың, әлеуметтік желілердің әлеуетін ескере отырып, жұмыстың заманауи әдісін қарастыруымыз керек. Сондай-ақ жасөспірім қыздар арасында бала туу көрсеткіші жоғары өңірлерде жеке жиналыс немесе консультациялар өткізген дұрыс деп ойлаймын, - деді Аида Балаева.
Министр көшпелі отырыстар өткізіп, мамандарды жинап, халықпен тікелей жұмыс істеуге шақырды. Осы тұрғыда салауатты өмір салты мен профилактиканың маңыздылығын да ескерген жөн деп отыр.
Көп жағдайда қыз балалар консультация алуға, тікелей айтуға қорқады. Ата-аналарынан жасырады, оны кейде қылмыс ретінде көруі де мүмкін. Сондықтан осы тұрғыда ұлттық комиссия мүшелері қандай жұмысты қолға алатынымызды ойластырайық. Оқу-ағарту министрлігімен бірігіп осы сала мамандары жасөспірімдерге түсінікті әрі қолжетімді түрде консультациялар өткізуге болады, - деді министр.
Еске салайық, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның жаңа құрамын таныстырды.