"Домбыра" фильмі екі халықаралық кинофестивальге қатысады

13 Наурыз 2020, 22:33
2299
Бөлісу:
"Домбыра" фильмі екі халықаралық кинофестивальге қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Рамазан Қалиолланың қысқаметражды "Домбыра" фильмі 12-15 наурыз аралығында Санкт-Петербург қаласында өтетін Sensus халықаралық кинофестиваліне іріктелді.

Фестиваль аясында әлемнің түкпір-түкпірінен көркем және қысқа метражды көркем фильмдер, деректі және анимациялық туындылар мен музыкалық бейнебаяндар көрсетіледі. Фестивальдің мақсаты – режиссерлерді қолдау және кинематографияны насихаттау.

Сонымен қатар, "Домбыра" фильмі 2020 жылдың 14-28 наурыз аралығында өтетін 19-шы Халықаралық Kids First кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына іріктелді.

Аталған кинофестиваль өз көрермендерін әлемнің ірі студиялары, жекеменшік компаниялар мен жас киногерлер түсірген балаларға арналған фильмдермен таныстырады. Kids Firs байқауына қатысатын туындылар 50-ден астам алаңдарда көрсетіледі.

Естеріңізге салсақ, "Домбыра" фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ның "Дебют" шығармашылық-өндірістік бірлестігі  түсірген. Картинаның желісі домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірін баяндайды.

Айта кетсек, аталған кинотуынды былтыр Алматыда өткен IV Халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, "Бродвейдің таңдауы" сыйлығын алған. Сондай-ақ бұл фильм Нью-Дели қаласында өткен 8-ші Халықаралық  қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде "Үздік фильм" жүлдесін жеңіп алды.

 


Өзгелердің жаңалығы