ДКО. Екінші күннің нәтижесі – екінші күміс қоржында

1 Қазан 2022, 09:35
2193
Бөлісу:
ДКО. Екінші күннің нәтижесі – екінші күміс қоржында

Түркия төрінде өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші күні еліміз қоржынына екі күміс түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ДКО. Екінші күннің нәтижесі – екінші күміс қоржында

Ат үстінен садақ ату – үш стиль бойынша (2 түрік стилі, 1 венгр стилі) өтетінін көзі қарақты оқырман білсе керек. Ал кешегі Жамбы ату сайысында қабақ ату (түрік стилі) бойынша Қазақстан спортшысы күміс жүлдеге (кіші медаль) ие болды.

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат үстінде садақ атудан (жамбы ату) еліміздің намысын Ералхан Айкөз, Абзал Тұлыбеков, Бақдәулет Бабажан қорғап жатыр. Әлемнің 21 елінен келген 75 спортшы бақ сынаған бәсекеде жамбы атудан тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз қарсыласына сәл ғана айырмашылықпен есе жіберді – дейді Ұлттық және ат спорты орталығының баспасөз хатшысы Жадыра Жүсіп бізге берген мәліметінде.

Осы орайда, негізгі жеңімпаз жоғарыда аталған үш стильдің қорытындысы бойынша анықталатынын естеріңізге саламыз. Әзірге Ералхан мерген сол үш стильдің біреуінен күміс жүлдені қанжығаға байланды. Алда әлі екі стиль бойынша сайыстар бар, спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Айтпақшы, кеше көкпар алаңына Қазақстан Ұлттық құрама командасы мен Моңғолия құрама командасы шығуға тиіс болатын. Белгілі себептерге байланысты ойын белгіленген уақытта өтпей қалды. Сондықтан қазақтар мен қандастар арасындағы тартыс бүгін өтеді деп жоспарланды.

Естеріңізде болса, бұған дейін Дәстүрлі садақ атудан ел қоржынына алғашқы медаль түскенін хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы