Дін көшбасшылары жаһан жұртын татулыққа шақырды – Әшімбаев

16 Қыркүйек 2022, 23:15
1220
Бөлісу:
Дін көшбасшылары жаһан жұртын татулыққа шақырды – Әшімбаев

Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтті. Екі күнге жалғасқан форумда қатысушылар ашық және салиқалы диалог құрып, постпандемиялық кезеңде адамзат дамуындағы дін лидерлерінің рөлін талқылады. Сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларға назар аударып, бүгінгі сын-қатерлерді еңсеруге және қақтығыстарды тоқтатуға арналған маңызды ойлар айтты. Биылғы Съезге Рим Папасы Франциск, «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб және әлемдегі тағы басқа аса көрнекті рухани көшбасшылар қатысқаны белгілі. Олардың бәрі форумда жаһан жұртын татулыққа шақырды. Съезге қатысқан халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, саяси және қоғам қайраткерлері адамзатты ортақ игілік жолында бірігуге үндеді.

Съездің нәтижесінде маңызды идеялар мен ұсыныстар тұжырымдалып, қорытынды Декларация қабылданды. 

Онда әлемде өзара келісім мен түсіністікті арттыруға, өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға, сондай-ақ, бейбітшілікті нығайтуға арналған қағидаттарға баса мән берілген. Декларация Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады. Алдағы уақытта Съезде айтылған ойлар мен ұсыныстар әлемнің өркендеуіне және бейбітшіліктің нығаюына өз үлесін қосады деп сенеміз. Осы ретте форумға қатысқан мәртебелі меймандарға айрықша алғысымызды білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы