Десанттық-шабуылдау әскерлері полигондарға көп шақырымдық марш жасайды

6 Сәуір 2022, 19:30
1934
Бөлісу:
Десанттық-шабуылдау әскерлері полигондарға  көп шақырымдық марш жасайды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінде бақылау тексерісі өтіп жатыр. Аталған іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткізілуде.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Десантшылар полигондарға көпшақырымдық марш жасайды. Оның ішінде, Алматы, Талдықорған гарнизондары әскери бөлімдерінің жеке құрамы «Іле» полигонына, Қапшағай гарнизонының десантшылары «Шошқалы» полигонына жіберіледі. Әскерлердің жауынгерлік техникамен қозғалысы түнгі уақыттарда әскери авиация тікұшақтарының бүркемелеуімен және жедел бүркемелеу шараларын сақтаумен жүзеге асырылатын болады.

Десанттық-шабуылдау әскерлері полигондарға  көп шақырымдық марш жасайды

Марш жасау жауынгерлік және арнайы техникалардың техникалық жағдайын, сондай-ақ механик-жүргізушілердің дайындық деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік береді. 

Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамалары мен бөлімдерінің басшылық құрамы қозғалыс кезінде бөлімшелерді басқару, барлау, коменданттық қызметті ұйымдастыру, тосқауыл шебін еңсеру мен маршты жан-жақты қамтамасыз ету тәжірибесін игеретін болады. 

Әскери қызметшілер шартты аудандарға келгеннен кейін түрлі жауынгерлік іс-қимылдардан тұратын оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайды. Тапсырмалардың мазмұны оларды орындау алдында ғана бөлімшелерге белгілі болады. Бұл командирлердің өз бетінше шешім қабылдауға дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. 

Десанттық-шабуылдау әскерлері полигондарға  көп шақырымдық марш жасайды

Бақылау тексерісінің басты мақсаты әскери қызметшілердің күрделі жауынгерлік жағдайда іс-қимыл жасауға әзірлігін, Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерінің оқу-жаттығу деңгейі мен үйлесімдігін бағалау болып отыр.

Биылғы сәуір айында Қарулы күштерде бақылау тексерісі жаңа пішінде жүргізіледі. Құрамалар мен бөлімдер полигондарға шығып, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Тексеріс нәтижесі бойынша бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі бағаланады. 

Өзгелердің жаңалығы