Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасында жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған.
Еліміздің әр өңірінен әскери қызметке шақырылған жастар Қарулы Күштер командирлерінің, ата-аналары мен ардагерлерінің қатысуымен өткен шарада Отан алдында адал болуға ант берді.
Осындай айтулы мереке күні ант беріп, десантшы болу мен үшін үлкен абырой. Ата-анама және командирлеріме мені қолдағандары үшін алғыс айтамын. Әскери борышын өтеуге келген жас буынның атынан барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын, – дейді қатардағы жауынгер Айдар Әсілбек.
Салтанатты рәсімнен кейін десантшылардың жаңа буыны қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру машығын, саптық даярлық элементтерін көрсетіп, алаңда салтанатты маршпен жүріп өтті.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы жас десантшыларға жылы лебіздерін білдірді.
Бүгін Сіздер Қазақстан халқына және оның заңды түрде сайланған Президентіне адал болуға ант бердіңіздер. Бұл - нағыз Отан қорғаушыға тән маңызды сәт. Әскери борыштарыңызды лайықты атқаруды тілеймін. Қарулы Күштер қатарында өтетін бұл жыл жақсы естеліктермен есте қалсын, – деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары полковник Самат Төлепбаев.
Жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант беру рәсімдері жақында Ақтау, Сарыөзек, Шымкент және Қапшағай гарнизондарында өткенін атап өткен жөн.