Депутаттар бастауыш сыныптарда барлық пәнді тек ана тілінде оқытуды ұсынды

2 Маусым 2022, 12:25
2527
Бөлісу:
Депутаттар бастауыш сыныптарда барлық пәнді тек ана тілінде оқытуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында білім саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттар бастауыш сыныптарда барлық пәнді тек ана тілінде оқытуды қолға алу қажет деп есептейді.

Сенатор депутаттық сауалында үш тілділік мәселесіне тоқталды.

Жастарымыздың ағылшын тілін білуін уақыт талап етіп отыр. Жалпы ағылшын тілін білу, оны терең игеру еліміздегі 3,5 млн оқушының барлығына бірдей қажет пе? Балабақшадағы, 1-сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп қалыптаспаған, санасы үлбіреп тұрған қазақ сәбилерге бірден үш тілді оқытудың қандай қажеттілігі бар? – дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Оның сөзінше, ғылымы мен білімі жоғары Жапония, Финляндия, Франция, Қытай 10 жасқа дейінгі балаларды өзге тілде неге оқытпайды? Әлемнің ең мықты деген 30 елінің бастауыш сыныптарына қанша тіл оқытатынын зерттеп қарасақ, екі тіл 1-сыныпта 4 ғана елде, 2-сыныпта 5 елде, 4-сыныпта 12 елде ғана оқытылады.

Ал Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінде 3 тіл мүлде оқытылмайды. Демек шет тілін білу - сауатты болудың басты көрсеткіші емес. Ол – әлемдік білім-ғылымның биігін игеру үшін қажетті құрал. Ал шынайы сауаттылық - өмірді білу, өз таңдаған кәсібін терең игеруі, өмірдің сұраныстарына жауап бере алатын дағдылар мен қабілеттерін қалыптастыру. Бұл – әр ұлттың өзінің ұлттық тіліне ғана қалыптасатын өнеге, - деп айтты сенатор.

Айтуынша, Мемлекет басшысы шет тілін ата-аналардың қалауымен 5-сыныптап бастап оқыту орынды әрі тиімді болады деген болатын.

Біз де алдағы уақытта балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы барлық пән тек ана тілінде оқытылуын қолға алуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 900 мың бүлдіршіні бар 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушы оқитын 7 500 орта мектеп, 500 000 контингенті бар 820 колледж, 600 000 студенті бар 120 ЖОО және 500 мыңнан астам мұғалім мен педагогтің жұмыстарын үйлестіру керек, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Ол 1 маусымда Президент атап өткендей, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған дұрыс деп санайды.

Сенатор бұған дейін білім беру жүйесіне енгізілген реформаларды сынға алып, орта мектептегі білім мәселесін көтерген болатын. Сенатор жас ұрпақтың маман ретінде қалыптасуына  кімде жауапты екенін де айтты. 

Сондай-ақ депутат білім саласына қыруар қаржы бөлінгенімен оқушылардың алған білімдері біліктілікке айналмай жатқаны туралы пікір білдірді.

Өзгелердің жаңалығы