Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат Үкіметке 6 ұсыныс жасады

18 Маусым 2025, 16:33
563
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі қаралған отырыста депутат Айдарбек Қожаназаров еліміздегі жүйелі мәселелерге назар аударып, нақты мысалдармен сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, өңірлердегі жағдайлар бюджеттік бағдарламалар мен инфрақұрылым жобаларын іске асыруда елеулі кемшіліктер бар екенін көрсетіп отыр.

Түркістан облысында кәріз жүйесімен халықтың тек 42,5%-ы ғана қамтылған. Кентау мен Жетісайда ағынды сулар әлі де тазартусыз ағызылып жатыр. Шардара мен Түркістандағы тазарту қондырғылары талапқа сай жұмыс істемейді. Шенеуніктер уәде берумен шектелуде, – деді депутат.

Ол сондай-ақ Ұлытау облысында көпір құрылыстарының созылып кеткенін, қаржыландырудың кешігіп, қарапайым халық айналма жолмен жүруге мәжбүр екенін айтты.

Көлік саласына қатысты да сын айтылды. Соңғы бес жылда салаға 10,5 трлн теңге бөлінгенімен, ЖІӨ-дегі үлесі 7,5%-дан 5,6%-ға дейін төмендеген. Салмақтық бақылау станциялары дұрыс жұмыс істемейді, жолдарды ауыр жүк көліктері бұзып, мемлекет жыл сайын жөндеуге миллиардтаған қаржы жұмсап отыр.

Денсаулық сақтау саласында да жағдай күрделі. Қостанай облысында онкологиялық аурулар көбейіп жатқанда, дәрі-дәрмекке бөлінетін қаржы қысқарған. Сонымен қатар, Алматыда тұратын сирек генетикалық ауруға шалдыққан балаға өмірлік маңызды дәрі-дәрмек уақытында жеткізілмей, емделуі үзілген. Бұл – жай ғана жүйелік ақау емес, балалардың өміріне қауіп төндіретін бейқамдық, – деп атап өтті Қожаназаров.

Цифрландыру саласында елеулі кемшіліктер бар. Сауда министрлігінің "е-КТРМ" жүйесі күніне мыңға жуық қате шығарып, кәсіпкерлердің жұмысын тежеп отыр. Шығын жылына 7 млрд теңгеге дейін жетеді.

Криптовалюта арқылы капиталдың көлеңкелі ағымы да депутат назарында болды. Қожаназаровтың айтуынша, 2023 жылы криптовалюта айналымының 86%-дан астамы лицензиясы жоқ платформалар арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде 15 млрд АҚШ доллары, яғни 7,5 трлн теңге, елден заңсыз шығарылған.

Цивилизациялы елдер криптооперацияларды қауіп деп танып, бақылау механизмдерін әлдеқашан енгізіп қойған. Бізде ғана реттеуші органдар енді ғана оянып жатқандай, – деді ол.

Сөз соңында депутат нақты ұсыныстарын жеткізді.

Қожаназаровтың ұсыныстары:

1. Үкімет көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша нақты KPI көрсеткіштерін бекітіп, жыл сайын ашық есеп беруді қамтамасыз етуі тиіс.
2. Өңірлік даму бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау институттарының тиімділігіне аудит жүргізіп, бос ресурстарды нақты жобаларға бағыттау.
3. ЖАО жобаларын тұрақты мониторингтеуге арналған жүйе құру.
4. Қоғамдық бақылауға арналған интерактивті құрылыс картасын жасау (мердігерлер, мерзімдер, бюджеттер бойынша).
5. Ұлттық банк криптовалюта транзакцияларын бақылау құралдарын жасап, заңсыз айналымға жол берген қаржы ұйымдарына жауапкершілік жүктеуі тиіс.
6. Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған дәрі-дәрмекті қаржыландыруды кеңейтуі қажет.

Respublica партиясы Үкімет есебін қолдай отырып, Жоғары аудиторлық палатаның және парламенттік фракциялардың ұсыныстары алдағы бюджеттік саясаттың нақты бөлігіне айналуы керек деп есептейді, – деп түйіндеді Айдарбек Қожаназаров.

Өзгелердің жаңалығы