Депутат: Парламент төрінде өтірік әңгіме айтуды қойыңыздар

27 Қыркүйек 2023, 11:29
675
Бөлісу:
Депутат: Парламент төрінде өтірік әңгіме айтуды қойыңыздар

Мәжілісмен Бақытжан Базарбек жер кадастрына қатысты сұрағына қанағаттанарлық жауап алмаған соң вице-министрге жұмыстан кетуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2016 жылы үлкен жерге қатысты митингтер болды. Салдарынан халық көтерілді. Ондағы ең негізгі мәселе жер кадастрын ашуға байланысты болды. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, прокурор, әкім, судья және осы жүйемен ауыз жаласқан қандай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат ашылмады. «Активтерді қайтару туралы» заң жобасында мен бұл ұсынысты енгіздім. Әріптестерім ұсынысымды қолдаса да, Үкіметтің кесірінен ол қабылданбады. «Жайылымдар туралы» заң жобасында да осыны ұсындым. Оны әріптестерім қолдап, Үкімет қайта қолдамады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») заң жобасы жер кадастрындағы (мәліметті) ашуға көмектесе ме? Ертең жер кадастры ашылмай қалмай ма? – деді депутат вице-министр Мәлік Олжабековке қарата.

Сонымен қатар ол Орхус конвенциясына қосылғанымызды алға тартты. Осылайша, жер кадастрының ашылмауының қаншалықты заңды екендігін сұрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы жария кадастрлық картаны іске қостық. Оның негізінде жер учаскелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік ұйымдастырылатын болады. Ал қазіргі уақытты осы жария кадастрлық картаның негізінде жер құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректері жарияланды. Ал жер учаскелерінің меншік иелері туралы деректер Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесінің (Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – ред.) жергілікті базасынан оны жинап, көшірудеміз. Осы техникалық жұмыстар аяқталды. Енді функционалдық тестілеу жүргізіліп жатыр. Осы тестілеу біткен соң жария кадастрлық картасында жарияланатын болады. Оны қазан айының аяғына дейін деп жоспарлап отырмыз, - деп жауап берді Мәлік Олжабеков.

Бақытжан Базарбек ведомство өкілінің жауабына қанағаттанбады.

Қазақта «Домбырам не дейді, мен деймін» деген мақал бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрап тұрған жоқпын. Мен сізден жердің иесі кім? деп сұрап тұрмын. ... Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашуға болуға тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық. Конвенцияның күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы осы. Мұндай өтірік әңгімені Парламент төрінде айтуды қойыңыздар. Болмаса, жұмыстан кетіңіздер, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы