Депутат өзінің алғашқы жұмыс аптасы қалай өткенін айтты

29 Қаңтар 2021, 19:47
1327
Бөлісу:
Депутат өзінің алғашқы жұмыс аптасы қалай өткенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Ерлан Саиров депутаттардың немен айналысатыны, жұмыс тәртібі қалай өтетіні туралы айтты.

Қоғамда Мәжіліс депутаттары күнделікті жағдайда қандай іспен айналысады деген сұрақ көкейде тұрады. Шыны керек,  осы жерге келмей тұрып, бұл мәселе меніде қатты ойландыратын. Сондықтан, осы шақырылымның депутаты ретінде, өзімнің жұмысымның бірінші жұмасы жөнінде өздеріңізді құлақтандырғанды жөн көрдім - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар ол жұмыс тәртібін жеке-жеке талдап түсіндірді.

1) Дүйсенбі күні депутаттық сауал жолдау жөнінде "Nur-Otan" партиясының фракциясына коллегаларымызбен бірлесіп жасалған сауалдың жобасын өткіздім. Депутаттық сауал Фракцияның елегінен өтеді екен.

 Бұл дұрыс практика деп есептеймін. 

Өйткені, фракция мүшелері сауалдың салмағы, өзектілігі, фактілердің шынайылығы жөнінде хабардар болуы тиіс. депутаттық сауал  партияның беделіне тікелей әсері болғандықтан, бұл процедура өте қажет.

Менің сауалым фракция елегінен өтті. Сондықтан, фракция мүшелері еліміздің барша мәселесіне құлағын түріп жүреді деген сөз. Қуантарлық жағдай.

1.2) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауалды  "Nur-Otan" партиясы фракциясы атынан басқада депутаттармен бірлесіп, сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында жарияладым.

2) Бейсенбі күні "қоғамдық бақылау" жөніндегі заң жобасының талқылауына қатыса отырып, бұл заң жобасының қоғам, халық арасында жан-жақты талқыланып, әбден пысықталып, сонан кейін сарпшылардың арасында оңтайлы қарастырылуына назар аудардым. Әр-бір заңды талқылағандағы басты аспект, қоғам белсенділері мен сарапшылармен толыққанды, жан-жақты қарастырылуы қажет. Бұл басты аспект.

3) Осы күні "Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы" жұмыс тобына қатысып, Қазақстанның ұлтық мүдделерін қорғау жөнінде өзімнің ойларымды айттым.

4) Сәрсенбі күні дәстүрлі түрде Мәжілістің  жалпы отырысы болды. Ол жерде Министрліктер депутаттарға Үкіметтен түскен заңдарға байланысты ақпарат береді. Бұл Мәжіліс жұмысының басты аспектілерінің бірі. Өткен жалпы отырыста ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев баяндама жасады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин Е. Тұрғымбаевқа елімізде ұрланған автомашиналарға қатысты тура, нақты сұрақтар қоя отырып, осы мәселені шешудің оңтайлы шешімін табуды тапсырды. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин  цифрларды, нақты фактілерді терең меңгерген, адам тағдырына қатысты мәселеге бей-жай қарамайды,  қандай да болмасын мәселеге терең үңілетіндігі  көрініп тұр.  

5) Бейсенбі күні сағат 10-00 де Спикер Н. Нығматулинның төрағалық етуімен партия фракциясының бір топ мүшелерімен бірге, үкімет мүшелерімен болашақтағы заң жобаларына байланысты жиналыс өтті. 

6) Осы күні сағат 15-00 де өзім мүшесі болып табылатын Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік Комитетінің отырысына қатыстым. Отырысты Комитет хатшысы Мұхтар Ерман өткізді. Мұхтар Тілдәбекұлы саяси саладағы майталман мамандардың бірі, министрліктердің өкілдеріне нақты, дәл сұрақтар қоя отырып, қандай да болмасын құжаттың ел мүддесіне сәйкес болуына еңбек етуде. Парламенттің ішінде мәселені терең меңгерген, заң саласындағы техниканы кәсіпқой деңгейінде меңгерген тұлға болғаны дұрыс. "Ұрпақтар сабақтастығы" дегеніміз осы.

7) Бейсенбі күні  түске дейін депутат ретінде адамдарды қабылдадым. Бұл жерде мынандай ыңғайсыздық бар, бүгінде Мәжіліс ғимараты карантинде, адамдарды Парламенттен тыс жерлерде әңгімелесуге  мәжбүрміз, мен  кафеде шай ішіп отырып, әңгімелескенді  жөн деп таптым. Сондықтан, бұл кездесулерді "депутатпен шай ішу" деп қарауға болады. Ол жерде біз өзіміз  үшін қажетті көптеген ақпарат аламыз, қажет болғанда азаматтарға көмектесу үшін (заң аясында) мемлекет органдарына хат жазамыз.

8) Бейсенбі күні түстен кейін Премьер - Министр басқаратын латын графикасына байланысты мемлекеттік комиссияның жұмысына қатыстым, сол жерде латын графикасының жаңа мәтіні қарастылырды.

9) Жұма күні Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқасына қатыстық. Ол жерде еліміздің ақпарат кеңістігінің дамуына, қоғамдық процесстердің кемелденуіне қатысты мәселелер талқыланды.

Бұл біздің жұмыстың қоғамдық жағы, депутатта сонымен бірге заң шығару миссиясы да бар. Күніне заң жобаларына, ратификацияларға, келісім шартттарға қатысты бес-алты том құжат кіреді. Солардың барлығын қарап, сараптап, ой елегінен өткізіп, өзіміздің ойымызды топшылауымыз керек. Мынау, төменде, бүгін кірген құжаттар, осы құжаттарды терең, жан-жақты қарап өзіміздің қорытындымызды жасауымыз керек. Депутаттың бір жетідегі жұмыс графикі осылай. Кабинетке байланысты ақпарат, менің кабинетім 15 шаршы м. ұқыпты, дегенмен, ешқандай артықшылық жоқ. Стандартты түрде, телевизор, орындық, штор бар. Қарапайым, бірақ, ыңғайлы - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы