Депутат мемлекетке «Қазақ» атауын қайтаруды ұсынды

23 Қаңтар 2019, 12:04
23777
Бөлісу:
Депутат мемлекетке «Қазақ» атауын қайтаруды ұсынды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекетке «Қазақ» атауын қайтаруды ұсынды.

Мәжілістің жалпы отырысында Ақжол фракциясының депутаты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдады.

«Қазақстан» атауымен қатар ресми түрде «Қазақ Республикасы» атауын қайта енгізу мүмкіндігін ұсынамыз. Негізінде мұндай бастаманы 5 жыл бұрын Мәңгілік тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған. Біздің ойымызша Елбасының ұстанымын іске асыратын кез келді. Қараны қара, ақты ақ, қазақты қазақ деп атауымыз керек. Тіпті тоталитарлық совет үкіметі мойындаған «Қазақ» атауын республикамызға қайтару тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сондай-ақ барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», - деді Азат Перуашев.

Жалпы отырыстан соң ол журналистерге мемлекет атауын өзгертуді ұсынбағанын айтты.

«Менің ойымша, мемлекетімізге төл атауымызды қайтаруымыз керек. Ол «Қазақ» атауы. Мәселе мемлекет атауын өзгертуде емес. Біз «Қазақстан» атауымен қатар «Қазақ Республикасы» деген ресми атауды бірге қолдануды ұсынамыз», - деді депутат.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы