Депутат күзетші, вахтер, аспазға сауықтыру жәрдемақысын төлеуді ұсынды

3 Мамыр 2023, 12:02
2268
Бөлісу:
Депутат күзетші, вахтер, аспазға сауықтыру жәрдемақысын төлеуді ұсынды
Фото: life09.kz

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында білім беру саласындағы қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақылары төленбей жүргенін айтып, осы мәселені шешуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, білім беру ұйымдарының техникалық персоналының жекелеген санаттарына еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мәселесін шешу бойынша көптеген өтініш түскен.

Тау атап өткендей, Қазақстанда бүгінгі таңда Еңбек кодексінің 139-бабының 10-тармағына сәйкес еңбек демалысына лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыларды төлеу мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге жүзеге асырылады.

Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының 3-қосымшасында азаматтық қызметшілердің құрамына еңбегі жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес кәсіптік даярлық пен арнайы білімді талап ететін білікті жұмысшылар ғана енгізілген, - деп айтты ол.

Депутаттың айтуынша, Үкімет қаулысына сәйкес, біліктілігі жоқ жұмысшылар, мысалы, қызметтік үй-жайларды тазалаушылар, аула сыпырушылар, ас үй жұмысшылары, күзетшілер, вахтерлер, кастелляншалар және басқалар борттан тыс қалуда, өйткені оларға жұмысқа қабылдау кезінде біліктілігін растау талап етілмейді. Тиісінше, бұл санаттар Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміне кіргізілмеген. Қызметкерлердің осы санатына ақылы еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді.

Ресми статистика көрсеткендей, Қазақстанда 10 871 мектепке дейінгі ұйымдар, 7 550 білім беру мектептері, 724 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, 1 312 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Орта есеппен жобалық қуатына қарай бір білім беру ұйымына негізгі контингенті халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар, көпбалалы аналар, мүгедектер және т.б. құрайтын, жасы 40-тан 60 жасқа дейінгі 10-нан 50-ге дейін біліктілігі жоқ жұмысшылар қызмет көрсетеді, - деп айтты Нұргүл Тау.

Депутат осы мәселелердің негізінде өзінің мынадай ұсыныстарын айтты:

1) осы депутаттық сауалда баяндалған мәселелерді қарау және техникалық персоналдың жекелеген санаттарына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мүмкіндігіне тиісті талдау жүргізуге;

2) «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына азаматтық қызметшілердің санаттарын кеңейтуге байланысты өзгеріс және «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрығына біліктілігі жоқ жұмысшыларды азаматтық қызметшілер тізіліміне қосу бөлігінде толықтыру енгізу мүмкіндігін қарастыруға ұсыныс берді.

Өзгелердің жаңалығы