Депутат «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде не талқыланатынын айтты

Депутат «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде не талқыланатынын айтты
2498

Ертең «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде не жаңалық болады дегенге мәжіліс депутаты Айдос Сарым жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ең әуелі, Съезд қарауына партия трансформациясының нақты жемісі ретінде жаңа Саяси тұғырнаманы бекіту ұсынылады. Бұл – ширек ғасырға жуық тарихы бар партия тарихында түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылған бірден-бір құжат десек, аса қателесе қоймаспыз. «Біз Асан Қайғының Жерұйығы мен әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз» деп басталатын тұғырнамысының рухани өзегі неден бастау алатынын өзіңіз шамалай беріңіз. Құжаттың кіріспесінде «Біз қазақ тілін дамытуға, оның кеңінен қолданылуына бар күш-жігерімізді саламыз» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл – аты айтып тұрғандай, партияның алдыңғы ұрпақтардан аманат етіп қабылдап, келешек ұрпақ алдында мойына алған абыройлы міндеті, - деп жазды депутат. 

Жаңа тұғырнама – ел аумағындағы барлық партияластың ой елегінен өткен, жан-жақты талқыланған құжат. 

Соңғы алты айда аймақтарда өткен кездесулерде, партия бастауыш ұйымдарындағы жиындарда оның әрбір тұжырымы талқыға салынды. Одан бөлек, елдегі көзі қарақты, аузы дуалы сарапшы мамандардың, саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің сүзгісінен өткізіп, олардың да пікірін тыңдадық. Осылайша, көпшіліктің елегінен өткен, қоғамдық пікірді ескерген құжат дайын болды, - деді ол. 

Саяси тұғырнама – партияның қазіргі кездегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты ұстанымын білдіретін, партияластарды ортақ ұйғарымға біріктіретін басты идеологиялық құжат.

 «AMANAT» партиясының бұдан кейінгі ұзақ мерзімді стратегиясы осы тұғырнамаға негізделіп құрылады. Партия елдегі жетекші саяси күш ретінде елдегі барлық өзгерістерге жауапты. Осы уақытқа дейін партияны сынаушыларға жауап – құрылған күннен бері мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, бойтұмар Тәуелсіздігімізді сақтауға күш салып келе жатқан партия елдің барлық жетістіктерін де, жіберілген қателіктерді де өз мойнына алады. Әрине, бұған қоса еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық мәдениетін дамыту арқылы қоғам мен азаматтардың жауапкершілігін де арттыру керек, - деді Айдос Сарым.

Саяси тұғырнаманың құрылымы адам, азаматтық қоғам және мемелекет ұғымдарына негізделген. 

Бұған дейінгі сүрлеу – көшбасшылық моделінен саналы түрде бас тартып, елдің түкпір-түкпіріндегі қарапайым тұрғындардан құралған, әр түрлі топтардан шыққан, әр қилы пікір-көзқарастағы азаматтарды ортақ ұстанымға біріктірген шын мәніндегі халықтық партияға айналуды көздейді. Халыққа берілген уәде, сайлаушылардың аманаты – партия үшін орындалуы бұлжымас заңмен пара-пар. Қорыта келгенде, «Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!» дейтін партия Әділетті Қазақстан мүддесіне жұмыс істейді. Саяси тұғырнаманың бұдан басқа жаңалықтарын ертеңгі жиында айтамыз, - деді ол.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы