Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткеннен кейін еліміздегі бірқатар екінші деңгейлі банктер депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін өзгертіп жатыр. Өзгерістер жаңа ашылатын және ұзартылатын салымдарға қатысты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендеткеннен кейін екінші деңгейлі банктер депозит өнімдерінің шарттарын қайта қарай бастады.
Алғашқылардың бірі болып өзгерістер туралы Kaspi Bank, Freedom Bank Kazakhstan, Home Credit Bank, Еуразиялық банк және Bank RBK хабарлады.
Kaspi Bank
Kaspi Bank-тің хабарлауынша, 2026 жылғы 5 тамыздан бастап теңгедегі Жинақтаушы Kaspi Депозит бойынша жаңа жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 19%-ды, ал номиналды мөлшерлеме 17,5%-ды құрайды.
Бұл өзгеріс тек жаңа ашылатын жинақ депозиттеріне қатысты. 5 тамызға дейін ашылған депозиттердің шарттары мерзімі аяқталғанға дейін өзгеріссіз сақталады.
Ал кәдімгі Kaspi Депозит бойынша мөлшерлемелер өзгермейді:
- теңгедегі депозит – 15%;
- доллардағы депозит – 1%.
Freedom Bank
2026 жылғы 9 тамыздан бастап Freedom Bank Kazakhstan жеке тұлғалардың жаңа және ұзартылатын «Капитал» депозиті бойынша мөлшерлемені өзгертеді.
Бір айлық теңгелік салым үшін:
- номиналды мөлшерлеме – 16,94%;
- ЖТСМ – 18% болады.
Home Credit Bank те сыйақыны азайтты
Home Credit Bank 5 тамыздан бастап бірқатар депозиттердің кірістілігін төмендететінін хабарлады.
Атап айтқанда, «Жинақ Хоум+» және VIP клиенттерге арналған «Жинақ Хоум+» депозиттері бойынша:
- номиналды мөлшерлеме 18,24%-дан 17,90%-ға;
- ЖТСМ 20%-дан 19,60%-ға төмендейді.
Банктің мәліметінше, қалған шарттар өзгеріссіз қалады.
Еуразиялық банк те өзгерістер енгізді
Еуразиялық банк 2026 жылғы 7 тамыздан бастап жаңа және ұзартылатын «Жинақтаушы TURBO депозиті» бойынша мөлшерлемені жаңартатынын мәлімдеді.
Алты айлық депозит бойынша:
- номиналды мөлшерлеме – 17,84%;
- ЖТСМ – 19,20%-дан 19,23%-ға дейін белгіленген.
Bank RBK депозит шарттарын жаңартты
Bank RBK де депозит өнімдерінің шарттарын жаңартып, клиенттерге жылдық 19%-ға дейінгі ЖТСМ ұсынатынын хабарлады.
Банк мәліметінше:
- депозит мерзімі – 3 айдан 24 айға дейін;
- ең төменгі салым сомасы – 15 мың теңге;
депозитті My RBK мобильді қосымшасы арқылы онлайн ашуға болады.
Депозиттік өнімдердің қайта қаралуы Ұлттық банктің 24 шілдедегі шешімінен кейін басталды. Сол кезде реттеуші базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетті. Бұл маусым айындағы шешімнен кейінгі қатарынан екінші төмендету болды.
Ұлттық банк мұндай шешімді инфляцияның баяулауымен түсіндірді. Ресми мәлімет бойынша, маусым айында жылдық инфляция 10,3%-ды құрап, мамырдағы 10,4%-дан төмендеген. Осылайша инфляция тоғызыншы ай қатарынан бәсеңдеп келеді.
Сонымен қатар реттеуші алдағы ақша-несие саясаты инфляцияның динамикасына, тұтынушылық сұранысқа және бюджет саясатының орындалуына байланысты қабылданатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін базалық мөлшерлеме төмендеген болатын.