Денсаулығына байланысты Президенттің баспасөз хатшысы лауазымынан босатылды

11 Қыркүйек 2023, 16:46
942
Бөлісу:
Денсаулығына байланысты Президенттің баспасөз хатшысы лауазымынан босатылды
Фото: Ақорда

Нұрмұхамед Исманұлы Байғараев Президентінің баспасөз хатшысы лауазымынан босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз, - деді ол.

Ол мұндай жағдай болатынын күтпегенін айтты.

Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді. Алайда «денсаулық – бірінші байлық» деп бекер айтпаған. Сондықтан қандай қызмет болса да, ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп таптым. Осыған орай, Президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын, - деп жазды ол.

Өзгелердің жаңалығы