Демография немесе жаңа оқу жылында ескі мәселе жалғаса бере ме?

13 Қыркүйек 2022, 14:36
2461
Бөлісу:
Демография немесе жаңа оқу жылында ескі мәселе жалғаса бере ме?

Жаңа оқу жылымен бірге жатақхана мәселесінің қылаң беретіні жылда қайталанатын қалыпты жағдайға айналған. Талай жылдан бері жатақхана жыры аяқталмай келеді. Демографиялық даму қарқын алған сайын қажеттіліктің де арта беретіні заңдылық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Осы орайда статистикаға көз жүгіртіп, алдағы 15-20 жылдағы жатақханаға қажеттілігіміз қандай деңгейге жетуі мүмкін екендігіне шолу жасап көрген едік. 

«Бэби-бум» жаңа міндеттер жүктейді

Мамандардың айтуынша, республикада бала туу деңгейі төмендеген жоқ. Керісінше, жыл санап ел тұрғындарының саны артып келеді. Ұлттық статистика бюросынан нақты мәлімет сұрап хабарласқанымызда, Қазақстандағы халық саны былтырмен салыстырғанда 236,9 мың адамға көбейгенін алға тартты. 

Ал демографиялық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, қаңтар мен шілде аралығында 227 мың сәби дүние есігін ашқан. 

Оқу жылының басында студенттер метрода, вокзалда түнеді деп көзге түскен мегаполис – Алматының өзінде 50 мыңға жуық шаңырақ іңгәлаған баланың даусымен толыққан. Алдағы 17-18 жыл уақыт өткен соң 300 мыңға жуық бала мектеп бітіріп, жоғары оқу орнының табалдырығын аттайды деген сөз. 

2018 жылғы Президент Жолдауында айтылып, кейін Үкімет «2022 жылы мәселені толықтай шешеміз» деп уәде берген 75 мың орынға жатақхана салынса, олқылықтың орны тола ма? 

Алдағы жылдары студенттер саны екі есеге артуы мүмкін

2022-2023 оқу жылы мектеп табалдырығын ел аумағы бойынша 400 мың оқушы алғаш рет аттаған. Соның ішінде, Ақмола облысының 546 мектебінде 136 мың оқушы білім алады. 14 879 бүлдіршін бірінші сыныпқа барды. Ал Ақтөбе облысында 41 818 тәрбиеленушімен – 577 мектепке дейінгі ұйым, 173 516 оқушымен – 424 мектеп, 23 414 студентпен 41 колледж жаңа оқу жылын бастады. 1-сыныпқа қабылданған оқушылардың саны – 19536. 

Ал тұрғындар саны жыл санап көбейіп жатқан елорда биыл да бірінші сыныпқа барушылардың саны жағынан рекордтық көрсеткішке жетті. 26 мың астаналық оқушы атанды. 

Білім күні Шығыс Қазақстандағы 342 мектептің есігі 95 138 оқушыға айқара ашылып отыр, оқушылардың 9728-і өмірлеріндегі алғашқы сабақтарына қатысқаны белгілі болды. Мегаполистің бірі – Шымкенттегі 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында 242 525 оқушымен 19 мыңнан аса педагог оқу-тәрбие жұмысын бастаған. 

Халық тығыз шоғырланған аймақтың бірі – Түркістан облысында 511 158 оқушы бар. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 52272 оқушы барыпты. 

Павлодарда облысында 360 мектеп 114 мыңнан астам ұл-қызды қабылдады. Аймақта 11 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. 185 орта білім беретін ордасы бар Маңғыстауда жалпы бала саны – 175 мың. Бірінші сыныпқа 20 015 бала қабылданған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 74 мың оқушыға білім беретін 472 мектеп бар. 7418 бүлдіршін 1-сыныпқа барған. 

Ұлытау облысындағы 88 мектепте 40 мыңнан астам бала білім алуда. Оның ішінде 4291 бала мектепке бірінші рет барған. Қостанай облысындағы 456 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Онда 112 мың оқушы білім алуда. 12 мың бүлдіршін мектеп табалдырыған алғаш рет аттап отыр.   

11 жылдан кейін осы жылы оқушы атанған 400 мың баланың болашақ студент екенін ескерсек, ар жағын өзіңіз пайымдай беріңіз. Салыстыру үшін айтар болсақ, биыл 164 300 адам жоғары оқу орнына 1-курсқа қабылданған. Онжылдықтан соң кем дегенде бірінші курс студентінің қатарын толықтыратындар екі есеге өседі деп болжасақ, жатақханаға мұқтаждар саны тағы да арта түспек. 

Тіпті, он жылды былай қойғанда, 2026 жылға қарай студенттердің саны 1 млн-ға жетуі мүмкін деген ақпарат бар. Жатақхана мәселесі толық шешілмесе, қайтеміз?..

Оқуды емес, орынды ойлайды

Студенттерге орын тапшылығы әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы білім ордаларына түскендерді тығырыққа тіреп отыр. Қолда бар деректерге сәйкес, 88 мың жас білім алатын бас шаһардағы 32 жатақханада 14 мың орын ғана бар. 66 мың шәкірттің ең аз дегенде жартысы пәтер жағалап жүр деуге болады. 

2018-2021 жылдар аралығында 30630 студентке 124 жатақхана салыныпты. Алайда Үкімет белгілеген 75 мың орындық жатақхана салу туралы жоспардың 67%-ы ғана орындалған. 

Қымбатшылық бүйірден қысқанда, пәтерақы да 30%-ға жуық көлемде өскен. Ал жаңа оқу жылы басталатын шақта жалдамалы пәтердің бағасы еселеніп кететіні үйреншікті жайтқа айналғалы қашан. Жатақханадан орын ала алмағандар еріксіз пәтер жағалауға мәжбүр. 

Бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны елордада – 110-150 мың теңге болса, Алматыда 150-200 мыңның аралығында. Шәкіртақы 20%-ға көбейді дегенмен, ақылы бөлімде оқитындар не істеуі керек? Тұратын жер таппай, тұрмысын ойлаған студент оқуға бейқам кірісе ала ма? 

Министр ЖОО-ға жатақхананы міндеттеді

Бүгін өткен Үкімет отырысына қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындары студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттелетін айтты. 

2026 жылға дейін студенттердің басым бөлігін жатақханамен қамтылатынын айтқан ведомство басшысы орын жетіспеушілігі – күрделі мәселе екенін мойындап отыр. 

Мұны мемлекет өз есебінен толық шеше алмайды. Сондықтан Білім министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығымен» бірлесіп, жеке инвесторлармен, құрылыс компанияларымен, мердігерлермен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Оларға арнайы 6 жылға шарттар береміз, яғни қаржы моделін ұсынамыз. Сол қаржы моделімен 2026 жылға дейін студенттердің 60-70%-ын жатақханамен қамтамасыз етеміз. Енді меншік нысанына қарамастан жоғары оқу орындарына жаңа мамандық ашқанда немесе лицензия алғанда талап қойылады. Мысалы, 100 адамға лицензия өтінімін бере ме, онда сол 100 адамға жатақхана орнын қамтамасыз етуге міндетті. Биылдан бастап заңнамалық түрде сондай шарттар енгізіліп, шектеу қойылды, - деді министр. 

Айтуынша, 35 ЖОО оқу орны бар Алматыдағы жатақханадан орын ала алмаған студенттер саны – 19-20 мың. Өңірлерде 14 мың төсек-орын бос тұрғанын алға тартты. 

Министр айтқан міндеттер толығымен орындала ма, жоқ па, уақыттың еншісінде. Күйбең тіршіліктің қамытын ерте кигізіп, оқимын деп талаптанған жастардың сағын сындырып алмасақ болғаны. 

Шолуымызды 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауында айтқан сөзімен аяқтасақ:

Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Өзгелердің жаңалығы